ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедевтің айтуынша, кеңес мүшелері алдымен ТМД-ны дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылап шықты. Осыдан кейін 2019 жылдағы Түрікменстанның төрағалығын қолдады. Алайда келесі жылы тағы екі тең төраға болады. Олар - Тәжікстан мен Өзбекстан. Түрікменстанның ұсынысы бойынша ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің келесі саммитін 2019 жылы 11 қазанда Ашхабадта өткізу туралы шешім қабылданды. «Кадрлық мәселелерден бөлек барлық мемлекеттер қалған құжаттарды талқылаусыз қол қоюға келісті», - деп атап көрсетті С.Лебедев.
Саммиттің қарауына бірнеше құжат шығарылды. Соның ішінде екі халықаралық келісім бар. Біріншісі - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің ақпараттық технологиялық саласындағы қылмыстармен күрес жөніндегі келісім, екіншісі - ТМД-ның ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану және зерттеуге арналған келісім. Бұдан бөлек, ТМД мемлекет басшылары кеңесінің шешімдеріне қатысты бірнеше құжат бар. Атап айтқанда, Түрікменстанның келесі жылдағы төрағалығы, Ұлы Жеңістің 75-жылдығына дайындық шаралары, 2021 жылы Тәжікстанда «Достастықтың мәдени астаналары» атты мемлекетаралық бағдарламаны іске асыру, 2021 жылды ТМД бойынша сәулет және қара құрылысы жылы ретінде жариялау, 2019-2023 жылдар аралығында қылмыспен күрес шараларын бірлесіп жүргізудің мемлекетаралық бағдарламасы, ТМД-ға мүше мемлекеттер қорғаныс министрлерінің Кеңесі туралы ережеге өзгерістер енгізу, ТМД-ға мүше мемлекеттердің Терроризмге қарсы орталық туралы ережені толықтыру, кеңестің кейбір шешімдерін тоқтату, Терроризмге қарсы орталықтың басшысы туралы құжат, әуе қорғанысы жөніндегі үйлестіру комитетінің төрағасы туралы құжат, ТМД-ға мүше мемлекет басшыларының Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы мәлімдемесі, сондай-ақ, жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90-жылдығына арналған бірлескен мәлімдеме бар.
Айта кетейік, кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Душанбеге келді. Мемлекет басшысы әуежайдан бірден «Коxи Сомон» резиденциясына барып, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесті.
«ҚазАқпарат» агентігі ТМД-ның басты органы - Президенттер кеңесінің кезекті отырысы алдында бұған дейінгі жиындарға шолу жасап, қабылданған шешімдерді пысықтап шыққан болатын. Ал Ақорданың баспасөз қызметі тарихи маңызы бар фотосуреттерді ұсынды.