19:45, 16 Сәуір 2009
ТМД мемлекеттері Қарулы Күштерінің ұшу қауіпсіздігі мәселесі жөнінде Астанада әдістемелік жиын өтіп жатыр
АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат – Бүгін екінші күн Астанадағы Қазақстан Қарулы Күштерінің Әуе Қорғаныс Күштері Бас қолбасшысының басқармасы базасында ТМД мемлекеттері Қарулы Күштерінің ұшу қауіпсіздігі мәселелері жөнінде әдістемлік жиыны өткізіліп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Оған қатысу үшін Қазақстан астанасына Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина және Армения Қарулы Күштерінің ұшу қауіпсіздігі қызметінің басшылары келді.
Әдістемелік жиынға РФ халықаралық авиация комитетінің, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің авиациялық медицина, авиациялық психофизиология және адамның биоырғағы жөніндегі мамандары да қатысуда. Сондай-ақ әдістемелік жиынға Қарулы Күштердің ғана емес, сонымен қатар ҰҚК Шекара қызметінің, ІІМ Ішкі әскерінің, Астана қалалық ішкі істер департаментінің командирлері де шақырылды.Әдістемелік жиын Қазақстанда тұңғыш рет өткізіліп отыр. 2004 жылдан бастап жыл сайын Мәскеуде өтіп келе жатқан шараны Қазақстанда өткізу туралы шешім өткен жылғы қазанда ТМД қатысушы-мемлекеттері Қорғаныс министрлері кеңесінде қабылданды. Жиынды ұйымдастырудың мақсаты - тексеру рәсімдерін жетілдіру және авиациялық оқиғалардың алдын алуда ТМД елдері қорғаныс министрлерінің өзара іс-қимылын күшейту болып табылады.Жиынның ең басты мәселесі ТМД елдері Қарулы Күштерінің ұшу қауіпсіздігі жағдайын талқылау болса, басты міндет - апат көрсеткіштерін азайту және авиациялық оқиғалардың алдын алу жөніндегі авиабөлімдер басшы құрамының жұмыс әдістерін пысықтау.Әдістемелік жиын үш күнге жалғасады. Оған қатысушылар ертең Қарағанды авиабазасында болып, онда оқу-әдістемелік жұмыстармен, ұшуға дайындауды ұйымдастыру мәселесімен, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларымен танысады.