ТМД-ны қарқынды, болашаққа нық қадам басқан ұйым ретінде нығайта алатынымызға сенімдімін – Президент

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Достастықтың халықаралық байланыстарын жандандыруды дәйекті түрде қолдайды, деді бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде.

-Мақсатымыз ортақ – Достастықты жасампаздық пен өрлеудің, жаңа идеялар мен мүмкіндіктердің кеңістігіне айналдыру-, дей келе Президент ТМД-ның әлемдік аренадағы абырой-беделін нығайтудың маңызына тоқталды.

–Естеріңізде болса, 2023 жылы Қазақстан Республикасының ұсынысы бойынша ТМД-ның Байқаушылары мен Серіктесі институты бекітілді. Бұл бастаманың алғашқы нәтижелері байқала бастағанын ризашылықпен атап өткім келеді. Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымына Байқаушы мәртебесін беру туралы шешім қабылдаймыз. Бұл оқиға Еуразияның аймақтық құрылымдар ықпалдастығы тарихының жаңа парағын ашады. Бұдан бөлек, Мәскеудегі саммитте Қазақстан ұсынған «ТМД плюс» форматында қарым-қатынас орнатуды қолдаймыз. Аталған қадам ТМД-ның халықаралық аренадағы рөлін нығайта түседі, – деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңестің келесі жылы Ұйымға Түрікменстанның төрағалық ету жөніндегі шешіміне қолдау білдірді.

– Түрікменстан Президенті Сердар Гурбангулыевич Бердімұхамедовті осы маңызды әрі құрметті миссияны қолға алуымен құттықтаймын. Мақсатымыз ортақ – Достастықты жасампаздық пен өрлеудің, жаңа идеялар мен мүмкіндіктердің кеңістігіне айналдыру. Бірлескен күш-жігер арқылы ТМД-ны қарқынды, тиімді әрі болашаққа нық қадам басқан халықаралық ұйым ретінде нығайта алатынымызға сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Отырыста Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев сөз сөйледі.

Осыған дейін Қазақстан Президентінің ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйлегені туралы жаздық.