ТМД-ның алғашқы халықаралық кинофестивалі Қазақстанда өтпек

Фото: Фото: ТМД Атқарушы комитеті

МИНСК. KAZINFORM — ТМД штаб-пәтерінде сарапшылардың қатысуымен «Достастық» халықаралық кинофестивалін өткізу ұсынысы талқыланды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Отырысқа ұйымға мүше мемлекеттер мен ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты. Оның барысында сарапшылар «Достастық» кинофестивалін ұйымдастыру туралы ұсынысты талқылап, іс-шараның жобасын келісті. Енді тиісті бастама ТМД үкімет басшылары кеңесінің қарауына енгізіледі.

Айта кетейік, ТМД аясында кинофестивальдер өткізуді Қазақстан тарапы ұсынған болатын. Бұл — ұйымға мүше мемлекеттердің кинематография саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға және ұлттық туындыларды насихаттауға ықпал етпек.

Бұл ретте аталған іс-шараны екі жылда бір рет кезекпен әр мемлекетте өткізіп тұру жоспарланып отыр.

Сарапшылар отырысында мәлім болғандай, ТМД аясындағы алғашқы кинофестивальді Қазақстанда ұйымдастыру көзделген.

Еске салайық, таяуда ТМД штаб-пәтерінде сарапшылардың қатысуымен «ТМД +» форматын құру мүмкіндіктері талқыланған болатын. Бұл бастаманы да қазақтандық тарап ұсынған болатын.

Қоса кетсек, биыл 28 сәуірде Өзбекстан астанасында ТМД Экономикалық кеңесінің отырысы өтеді.