Басқосудың басты мақсаты - тәжірибе алмасу, алдыңғы қатарлы үздік технологиялармен танысу. Жиынға халықаралық «Метро» қауымдастығына мүше 20-ға жуық метро құрылысын салушы компанияның басшылары келеді.
Конференция барысында жолаушылардың қауіпсіздігі, жаңа технологиялар мен техникалық құралдарды енгізу мәселесі талқыланады. Сондай-ақ қонақтар Алматы метросында болып, оның жұмысымен танысады.
ҚазАқпарат анықтамасы: Халықаралық «Метро» қауымдастығы 1992 жылы ақпан айында, КСРО-ның құлауынан соң метро құрылысы саласы мамандарының тәжірибе алмасу, ортақ стратегиялық бағытын жасау мақсатында құрылды. Қазіргі кезде ТМД-дағы бірқатар вагон құрау, жөндеу зауыттары мен Ресейдің Мәскеу, Петербург, Самара, Екатеринбург, Новосібір, Нижегород, Грузиядағы Тбилиси, Өзбекстандағы Ташкент, Әзірбайжандағы Баку, Армениядағы Ереван, Украинадағы Киев, Харьков, Днепрепетровск, Белоруссиядағы Минск, Татарстандағы Қазан, Қазақстандағы Алматы метролары қауымдастыққа мүше. Қауымдастық қызметі - ТМД елдері метролары арасында байланысты нығайту, тәжірибе алмасу, техникалық- нормативтік құжаттарды жасау, метро құрылысы мен қызметіне қатысты заң бастамалары мен заң нормаларын талқылауға бағытталған.