ТМД ПАА-дан халықаралық қадағалаушылар Украинаның Жоғарғы Радасына қосымша сайлауды қадағаламақ

САНКТ-ПЕТЕРБОР. 17 желтоқсан. ҚазАқпарат - ТМД ПАА халықаралық қадағалаушылар тобы Украинаның Жоғарғы Радасы депутаттарын сайлауға дайындық жұмыстарын қадағалау үшін Киевке ұшып кетті.

Бұл үрдісті қадағалауға ТМД ПАА-ны Украина Жоғарғы Радасының төрағасы Владимир Рыбак шақырған болатын. Бұл туралы ТМД ПАА баспасөз қызметі ақпараттандырды.

Топ құрамында - ТМД-ға қатысушы-мемлекеттер парламенттерінің өкілдері, сондай-ақ, Халықаралық демократияның, парламентаризмнің дамуын және ТМД ПАА қатысушы-мемлекеттер азаматтарының сайлау құқықтарын сақталуын бақылау институты бар.

Қадағалаушылар Украинаның Николаевск, Киев, Черкасск облыстарында және Киевте жұмыс істейтін болады.

«Біз сайлау учаскелерінің ашылуына қатысатын боламыз және сайлау өтіп жатқан бес өңірдің барлығындағы дауыс беру барысын қадағалауды жоспарлаудамыз», - деп атап айтты ТМД ПАА атынан халықаралық қадағалаушы ретінде сөз сөйлеген ТМД, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс істері жөніндегі Ресей Федерациясы Федералдық жиыны Мемлекеттік думасы комитеті төрағасының бірінші орынбасары Олег Лебедев.

Еске сала кетейік, 2013 жылғы 5 қыркүйекте Украина Жоғарғы Радасы бес мажоритарлық өңірде депутаттарды қайта сайлауды желтоқсан айына белгіледі.