ТМД Парламентаралық ассамблеясының байқаушылары Қазақстандағы сайлауға дайындық жұмыстарын жоғары бағалауда

АСТАНА. ҚазАқпарат - ТМД Парламентаралық ассамблеясының байқаушылары Қазақстандағы сайлауға дайындық жұмыстарын жоғары бағалауда. Бұл туралы бүгін ТМД ПА байқаушылары тобының үйлестірушісі Валех Алескеров айтты.

«Біздің миссиямыз өз жұмысын сайлау туралы ақпарат жария етілгеннен кейін бірден бастаған болатын. Миссия құрамында 42 адам бар. Олар: ТМД ПА-ға мүше елдердің парламенттерінің депутаттары, ТМД ПА Халықаралық демократияны дамыту мониторингі институтының мамандары», - деді ол.

Сонымен қатар ол еліміздегі сайлауды ұйымдастыру жұмыстарын жіті бақылауда ұстағандықтарын да атап өтті.

«Біз сайлауға дайындық жүргізу барысын бағаладық. Атап өтерлігі, сайлауға қатысатын барлық партияларға теңдей мүмкіндік берілген және бұқаралық ақпарат құралдары да барлық партияларға бірдей қолжетімді болған. Біздің сайлауға дайындық жұмыстарының жоғары деңгейде жүргізілгенін атап өте аламыз», - деді В.Алескеров.