АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – ТМД Парламенттік Ассамблеясы ұлттық заңнамаларды жетілдіруге үлкен үлес қосып келеді. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматыда өтіп жатқан ТМД елдері Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің мерейтойлық отырысында атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сенат спикерінің айтуынша, бүгінге дейін Ассамблея 600-ден астам модельді заң мен басқа да құжаттарды әзірлеп, қабылдады. ТМД елдерінің Парламенттері оларды өз мемлекеттерінің құқықтық базасын қалыптастыру кезінде белсенді пайдаланды.
«Ассамблея аясында халықаралық конференциялар мен форумдар тұрақты түрде өтіп келеді. Ондай ауқымды жиындарда көші-қон, экология, терроризм және экстремизммен күрес салалары, сондай-ақ басқа да маңызды бағыттар бойынша бірлескен шаралар талқыланып, әзірленеді. Сондықтан қазіргі таңда ТМД Парламентаралық Ассамблеясын ең тиімді парламентаралық бірлестіктердің бірі деп есептейміз», – деді Сенат Төрағасы.
Думан Арғынгелді
2008 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. «Қазақстан» ұлттық арнасының Алматы қалалық филиалында, «Аягөз жаңалықтары», «Алматы ақшамы» газеттерінде қызмет атқарды. Мақалалары республикалық, облыстық, аудандық газет беттерінде жарияланды. 2021 жылдан бері «KAZINFORM» ХАА-де жұмыс істейді.