ТМД патенттер мен инновациялар банкін құру қажет - Е.Сүлейменов

АЛМАТЫ. 26 қараша. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/- Ғылыми-техникалық ақпараттар жөніндегі мемлекетаралық үйлестіру кеңесінің төрағасы болып Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы АҚ президенті Ербол Сүлейменов сайланды. Бұл жайында Алматыда өткен ҒТАҮК-нің 18-отырысында белгілі болды.

«Реформаның инновациялық-индустриялық саясатын жүргізіп отырған Қазақстан Республикасы үшін мұндай халықаралық ұйымдарға төрағалық жасау және қатысудың маңызы зор, сонымен қатар бұл еліміздің халықаралық беделінің айқын көрінісі», - дейді Е.Сүлейменов.

ҒТАҮК қызметіне ғылыми-техникалық ақпараттармен мемлекетаралық алмасуды дамытудың бағдарламалары мен жобаларын әзірлеуге басшылық жасау, бірлесіп қолданылатын ресурстардың даму жоспарын әзірлеу мен бекіту кіреді.

Жиын барысында ҒТАҮК қызметінің алдағы бағыттары мен ғылыми-техникалық ақпараттармен мемлекетаралық алмасуды дамыту мәселелері талқыланды.

Е.Сүлейменов ТМД патенттер мен инновациялар банкін құру туралы ұсыныс жасады. Ол қазақстандық технология мен патент нарығын кеңейтуге мүмкіндік береді екен.

Аталған кеңеске ҒТАҮК уәкілетті өкілдері, Армения, Беларус, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Украинаның ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталықтарының басшылары қатысты.