ТМД сарапшылары Достастық елдерінің Экологиялық қауіпсіздік туралы конвенциясының жобасын толықтырады

САНКТ-ПЕТЕРБУРГ. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Елена Мягкова/ - ТМД-ның Атқарушы комитетінде тамыздың 26-27-сі күндері сарапшылар тобының отырысы өтеді. Олар Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Экологиялық қауіпсіздік туралы конвенциясының жобасына түзетулер енгізеді.

БҰҰ Жарғысына, ТМД жарғысына және халықаралық құқық қағидаларына сәйкес, мемлекеттер өз табиғи ресурстарын қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму саласындағы өз саясатына сәйкес пайдаланудың егемен құқығына ие.

Бірақ та, қоршаған ортаның химиялық, биологиялық және генетикалық қауіпті қалдықтармен трансшекаралық ластану үрдісі Достастық елдерінде үлкен алаңдаушылық туғызып келеді. Осыған орай Достастық аясында қазіргі және болашақ ұрпақтар үшін жайлы ортаны сақтап қалуды мақсат еткен Тұжырымдама әзірленуде.