ТМД сайлау органдары басшыларының отырысында референдум мен ЖИ мәселелері талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM – 19 ақпанда Санкт-Петербург қаласында Қазақстанның төрағалығымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сайлау органдары басшыларының Консультативтік кеңесінің VII отырысы өтті.
Іс-шараға ТМД елдерінің орталық сайлау органдарының басшылары мен өкілдері, ТМД Атқару комитетінің және ТМД Парламентаралық ассамблеясының басшылығы, МИМРД ТМД ПАА, сондай-ақ электоралдық саладағы жастар саясаты жөніндегі Жұмыс тобының өкілдері қатысты. Сонымен қатар Түркия Республикасының Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Ахмет Йенер және Сербия Республикасының Республикалық сайлау комиссиясының мүшесі Велько Перович қатысты.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға дайындық барысы туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, барлық ұйымдастырушылық шаралар ұлттық заңнама мен бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізілуде. Процедуралардың ашықтығын қамтамасыз етуге, комиссия мүшелерін оқытуға және мүгедектігі бар азаматтарды қоса алғанда, барлық санаттағы сайлаушылар үшін жағдай жасауға ерекше назар аударылып отыр.
«Сонымен қатар біз халықаралық байқаушылармен және сарапшылар қауымдастығымен өзара іс-қимылға ашықпыз. Бірлескен жұмыс референдумды жоғары ұйымдастырушылық деңгейде және халықаралық стандарттарға толық сәйкес өткізуге мүмкіндік береді», – деді Нұрлан Әбдіров.
Электоралдық пікірталас барысында Армения, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Беларусь сайлау органдарының басшылары өз елдеріндегі алдағы сайлау науқандары, реформалар және технологиялық жаңашылдықтар туралы баяндады. Баяндамаларда қағаз бюллетеньдерді пайдалану, онлайн элементтерді енгізу, сайлауаралық кезеңдегі жұмыстар, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және сайлау жүйесіне сенімді күшейту мәселелері қозғалды.
ТМД ПАА Кеңесінің Бас хатшысы Дмитрий Кобицкий «Сайлау мен референдумдарды халықаралық байқау қағидаттарының декларациясы туралы» ақпарат берді. Беларусь ОСК хатшысы Елена Балдовская Консультативтік кеңестің Дүниежүзілік сайлау органдары қауымдастығының қызметіне қатысу мәселесін қарастыруды ұсынды. Бұл ұсынысты қосымша зерделеу туралы шешім қабылданды.
Отырыс аясында «Сайлау және референдум институтына сенімді қалыптастыру: халықаралық байқаудың рөлі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оның шеңберінде «Жасанды интеллект және оның сайлау процесінде қолданылуы: кешенді тәсіл және құқықтық реттеу» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Негізгі баяндаманы ҚР ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов ұсынды.
Оның айтуынша, жасанды интеллект мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігінің және технологиялық тәуелсіздігінің маңызды факторы болып отыр. Бүгінде ол сайлау процестерінде цифрлық сервистер, аналитика, киберқауіпсіздік және жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл бағыттарында қолданылуда.
Конференция қарсаңында электоралдық саладағы жастар саясаты жөніндегі Жұмыс тобының отырысы өтті. Қатысушылар жастарды сайлау үдерістеріне тартудың білім беру, ағартушылық және тәжірибелік форматтарын талқылады. Қазақстан тарапынан Гүлзира Атабаева Жас сайлаушылар клубтары арқылы жастарды жүйелі интеграциялау моделін ұсынды. Әмірлан Нұрғазин жастардың сайлауға деген көзқарасын ғылыми тұрғыдан зерттеудің маңызын атап өтті.
Жиынды қорытындылай келе, Нұрлан Әбдіров талқылаулардың мазмұндылығын және олардың практикалық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ТМД елдері арасындағы электоралдық ынтымақтастық азаматтардың сайлау және референдум институттарына деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Іс-шара соңында қатысушыларға «Қазақстандағы сайлау: қысқа да нұсқа» атты кітап табысталды. Сонымен қатар сайлау технологияларының эволюциясына арналған көрме ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Ерлан Қарин Жаңа Конституция қоғам сұранысына сай жаңарғанын хабарлады.