ТМД төрағалығы Қырғызстанға берілді
Кеңейтілген құрамдағы отырыста сөйлеген сөзінде Кәрім Мәсімов аталған іс-шарамен Қазақстан ТМД-ға төрағалығын аяқтайтынын айтып өтті.
«Жақында ғана ТМД Үкімет басшылары кеңесінің аясында төрағалық эстафетасы ресми түрде біздің қырғызстандық әріптестерімізге тапсырылған болатын. Осы орайда қазақстандық тарап төрағалық етуіне қолдау көрсеткендері үшін, көпжақты ынтымақтастықты тереңдету бойынша сындарлы ұсыныстар жасағаны үшін Достастық бойынша әріптестеріміздің бәріне алғыс білдіремін», - деді К.Мәсімов.
Бұдан өзге, Үкімет басшысы Қырғызстанға 2016 жылы ТМД-ға төрағалық ету құрметті міндетін атқаруда сәттілік тіледі.
«Жалпы, бүгінгі отырыстың күн тәртібі көп қырлы, біздің ынтымақтастығымыздың түрлі салалары қозғалды және қабылданған құжаттарды жүзеге асыру Достастықты дамытуға қосымша серпін берері сөзсіз», - деп баса айтты Кәрім Мәсімов.
Отырыс қатысушылары ТМД-ға қатысушы елдердің әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық және құқық қорғау салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға қатысты шамамен 40 мәселені қарады.