ТМД жастар парламентаралық ассамблеясы ұйымның үздік эмблемасына байқау жариялады

САНКТ-ПЕТЕРБОР. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - ТМД-ға мүше мемлекеттердің жастар парламентаралық ассамблеясы ТМД ЖПА-ның үздік эмблемасын анықтау мақсатымен ашық халықаралық байқау жариялады.

Байқауға Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің кез келген тұрғыны қатыса алады. Ол жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ, авторлық ұжым болуы мүмкін.

«Сайысты ұйымдастырушылар ТМД-ға мүше мемлекеттердің жастар парламентаралық ассамблеясының идеясын беретін айқын, ықшамды және түсінікті бейнелеу-графикалық образдарын күтеді. ТМД ЖПА-ның эмблемасы сабақтастықты сақтап, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ресми символикасымен үйлесуі керек», - деп хабарлады ТМД ЖПА-ның баспасөз қызметінен.

Байқауға қатысу үшін konkurs@iacis.ru электронды мекен-жайы бойынша ТМД ЖПА Кеңесінің хатшылығына хат жіберу керек.

Еске сала кетейік, ТМД ЖПА Кеңесінің шешімімен 2010 жылдың 22 қарашасынан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің жастар парламентаралық ассамблеясы құрылды.