ТМРА әкімшілік шығындарды оңтайландыру жұмыстарын жалғастыратын болады - Н. Алдабергенов

АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Табиғи монополияларды реттеу агенттігі әкімшілік шығындарды оңтайландыру жұмыстарын жалғастыратын болады.

Бүгін аталмыш ведомствоның Елбасы Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндіруге арналған алқасында бұл туралы Агенттік төрағасы Нұрлан Алдабергенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Агенттік табиғи монополиялар субьектілері персоналының, оның ішінде әкімшілікті-басқарушылық персоналдың, нормативті санын, мемлекеттің қатысуындағы табиғи монополиялар субьектілерінің басқарушы қызметкерлерінің еңбек ақыларының шекті деңгейін, мемлекеттің қатысуындағы табиғи монополиялар субьектілерінің штатық кестелерін бекіткен немесе келіскен кезде әкімшілік шығындарды оңтайландыру жұмыстарын жалғастыратын болады», - деді Н. Алдабергенов. Оның айтуынша, былтыр коммуналдық салада да, сондай-ақ навигация мен темір жол салаларында да әкімшілік шығындардың өсімі байқалған. Мәселен «Қазаэронавигация» РМК әкімшілік шығындары тек бір жылдың ішінде 67 пайызға, «Жамбыл электр желісі» АҚ - 22 пайызға, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ 2007 жылы -14,4 пайызға, 2008 жылы -10,7 пайызға, «Астана халықаралық әуежайы» АҚ - 55 пайызға артқан. Осыларға тоқталған Н. Алдабергенов: «Қазіргідей жағдайда қатаң үнемдеу режіміне көшіп, әкімшілік шығындарды үнемдеу қажет. Заңның жаңа нормаларының бекітілген шығындарды арттыруға жол бермеу және экономикалық санкция бөлігі бұған ықпал ететін болады», -деді.