Бұған ведомствоның және оның аумақтық бөліністерінің ағымдағы жылғы 9 айдағы жұмысының қорытындылары себеп болды.
Агенттік алдында ТКШ саласындағы нормативтен тыс шығындарды жою және нормативті төмендету, көппәтерлі тұрғын үй секторының есептеу приборларымен жарақтануы деңгейін көтеру, отын шығынын төмендету, теңдестірілген тарифтерді бекіту сияқты өте маңызды міндеттер тұр. Сондай-ақ осы жылдардың ішінде қордаланған негізгі активтердің тозуын төмендету мәселесі де өткір болып отыр.
«Бүгінгі таңда бұл проблеманы тариф арқылы бір күн ішінде шешіп тастау мүмкін емес екенін түсінеміз, өйткені бұл реттелетін қызметтерге тарифтердің бірнеше есе өсуіне әкеп соғады. Сондықтан да қалыптасқан жағдайдан шығу жолдарының бірі инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін заемдық қаражаттарды тарту болмақ. Бүгінгі күні тиісті нормативтік құқықтық база жасалғанмен, бұл тетік пайдаланылмай отыр деуге болады», - деді ТМРА төрағасы.
«Жүргізілген талдаулар тарифтерді көтермей-ақ несие ресурстарын тарта отырып, кең ауқымды жаңарту жүргізуге болатынын көрсетіп отыр, сөйтіп, отын мен электр энергиясына шығындарды төмендетуге болар еді. Ерекше тәртіпке сәйкес несие амортация мен табыс есебінен өтеледі, ал сіздер бұл резервтерді көрмей, тарифтерді арттырып қана, жеңіл жолмен келесіздер. Бұған жол беруге болмайды!», - деді М.Оспанов.
Алқада норматививтен тыс шығындар ахуалына байланысты көптеген сұрақтар туындады, атап айтқанда негізгі құралдардың 70-80 пайызы тозған кезде оны жоюға қалай қол жеткізілді.
«Кейбір аумақтық комиссиялардың басшылары монополистермен уағдаластық жасап, олардың жетегінде кеткендей әсер туғызады. Сонан келіп, енді базалық және базалық емес субъектілер бойынша нормадан тыс шығындар жоқтығы жөнінде мәліметтерді көрсетеді», - деді М.Оспанов департаменттер басшыларына қарата. Мұндай мәліметтерді Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау және Жамбыл облыстары бойынша департаменттер келтірген.
«Бақылау және сот тәжірибесі - Агенттіктің бүкіл қызметі осыған сүйенеді, - деді ТМРА басшысы, алқа отырысын жалғастыра отырып. - Заңнамада алға қойылған міндеттерді жүзеге асырудың құралдары көзделген. Алайда бүгінгі кезде барлық аймақтарда дерлік бақылау шараларына қалай-солай қарау белең алып отыр».
Ведомствоның бақылау және талап ету жұмыстары департаментінің мәліметтері бойынша, есепті кезеңде әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 195 іс жөнінде қаулы шығарылған. Айыппұл түріндегі әкімшілік жазалардың жалпы сомасы 1 847 581 808 теңгені құрайды. Анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 3 млрд. 200 млн. теңгеден асады.
Аумақтық бөліністер директорларының қанағаттанғысыз жауаптарын тыңдағаннан кейін М.Оспанов жауапты хатшыға мұндай бұзушылыққа жол берген басшылардың жеке жауапкершілігін қарауға тапсырма берді.
Сонымен бірге алқада тарифтік саясатты жетілдіруге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру шараларына, мемлекеттік символдар туралы заңнаманы қамтамасыз етуге қатысты басқа да өзекті мәселелер қаралды.
«ТМРА басшысы бірқатар жіті тапсырмалар берді және Мемлекет басшысы мен Үкімет алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда оң нәтижелерге қол жеткізу жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап көрсетті», - делінген таратылған хабарламада.