ТМРА экс-төрағасы М.Оспанов қашуға әрекет жасаған - Қаржы полициясы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаржы полициясы агенттігі аса ірі көлемде пара алды деген айып тағылып отырған Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасы М.Оспановтың қорғаушысы Х.Айтқалиеваның бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратқан мәліметі шындыққа сәйкес келмейтіндігін хабарлайды.

Оспанов 2014 жылғы 1 шілдеде Қаржы полициясы агенттігінде жауап беруден кейін ұсталған болатын.

Оны уақытша ұстау абақтысына тоғытқан кезде сот-медициналық сараптамасы жүргізілген. Ол бойынша Оспановта дене жарақатының жоқтығы анықталған.

Келесі күні, 2014 жылғы 2 шілдеде 10 сағат 30 минуттардың шамасында Оспановты уақытша ұстау абақтысынан Агенттік ғимаратына алып келу кезінде, ол өзін нашар сезінуіне байланысты автомашинаны тоқтатуды сұраған.

Бірден есікті ашып және автомобиль салонынан жүгіріп шығып, Оспанов қашуға әрекет жасаған. Агенттік қызметкерлері автомашинадан 15 метр жерде оны ұстап, бұл әрекетіне тосқауыл қойды.

Агенттік қызметкерлерімен ұсталған Оспанов оларға қарсылық білдірген, нәтижесінде оның өзі және қаржы полициясы қызметкері жерге құлап, дене жарақатын алған.

Бұл факт бірден Агенттіктің Арыздар мен ақпаратты есепке алу журналына тіркелген, Оспанов пен оны қарауылдаған қызметкерлерге қатысты дене жарақатын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалған.

Сараптама қорытындысымен Оспанов пен оны ұстаған қызметкердің денелерінде көгерген ісіктер мен жара түріндегі жарақат анықталған.

Осы күні Оспанов өзі жалдаған адвокаттың көзінше аталған мән-жайларды толық мойындады.

Оған қоса, келесі күні - 2014 жылғы 3 шілдеде қамауға алуды сотта санкциялау кезінде, прокурор, адвокат және өз туысқандарының көзінше Оспанов сотқа қаржы полициясы қызметкерлеріне ешқандай наразылығының жоқ екендігін және бұл жайттың орын алуына өзі себеп болғандығын айтқан.

«Осыған орай қашуға байланысты орын алған жағдайдан 2 апта өткен соң Оспановтың қорғаушысының бұқаралық ақпарат құралдарына берген қаржы полициясы қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекетіне қатысты түсіндірмелері орынсыз болып көрінеді. Себебі Оспановтың өзі бүгінгі күнге дейін бұндай арыздармен жүгінбеген», - делінген хабарламада.