ТМРА электр стансаларының топтары үшін электр энергиясының шекті тарифтерін бекітуді қарастырып отыр

АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Табиғи монополияларды реттеу агенттігі коммуналдық желілерді жаңалау мен жаңғыртуға бағытталған жұмыстарды жүргізу жөніндегі дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде ең алдымен электр стансаларының топтары үшін электр энергиясының шекті тарифтерін бекітуді қарастырып отыр.

Бүгін аталмыш ведомствоның Елбасы Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндіруге арналған алқасында бұл туралы Агенттік төрағасы Нұрлан Алдабергенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, осының нәтижесінде электр энергиясына арналған тарифтердің инвестициялық тартымдылығы мен болжамдылығы артатын болады. «Екіншіден, биыл орта мерзімді және ұзақ мерзімді тарифтер бойынша жұмыс істейтін базалық табиғи монополиялар субьектілерінің санын 10-ға дейін көбейту көзделуде. Нәтижесінде кәсіпорындардың экономикалық тұрақтылығы артып, активтерді жаңғыртуға инвестиция тартылады», деді ол. Н. Алдабергеновтың айтуынша, сонымен қатар, базалық табиғи монополиялар субьектілерінің 15 пайызына дейінгі шикізаттар мен материалдар шығындарының нормаларын оңтайландыру көзделуде. Бұның нәтижесінде ақша қаражаттары үнемделіп, тарифтерді негізсіз көтеруге жол берілмейді. Бұдан бөлек, табиғи монополиялар субьектілерінің әкімшілік шығындары қысқартылатын болады. Бұдан дағдарысқа қарсы шараларды және басым жобаларды іске асыруға арналған қаржы ресурстарын қайта бөлуге мүмкіндік туады.