ТМРА коммуналдық қызметтер тарифінен монополистердің бірқатар шығыстарын алып тастауды ұсынады

АСТАНА. 24 маусым. ҚазАқпарат - Елімізде коммуналдық қызметтер тарифінен монополистердің бірқатар шығыстарын алып тастауы ұсынылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов айтты.

Тарифке жүктемені төмендетуді қамтамасыз ететін түзетулер әзірленгенін атап өткен ол: «Тарифтерден өкілдік шығыстарды, аудиторлық және маркетингтік қызметтерге арналған шығыстарды, банк комиссиясын, қаржылық және техникалық сараптамаға арналған шығындарды алып тастау ұсынылады», - деді.

Агенттік басшысының атап өтуінше, монополист өтінімге қоса беруі тиіс құжаттар тізбесі 50 пайызға қысқарып, басқа талаптар алынып тасталған.

«Бұл тұтынушылардың қаражаттарын тарифтік реттеу сапасы үшін залалсыз үнемдеуге мүмкіндік береді», - деді М.Оспанов.