ТМРА түрлі салалардағы нормативті шығындардың деңгейін төмендете отырып, жылына 1 млрд. теңге үнемдеуді жоспарлауда

АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Табиғи монополияларды реттеу агенттігі түрлі салалардағы нормативті шығындардың деңгейін төмендете отырып, жылына шамамен 1 млрд. теңге үнемдеуді жоспарлап отыр.

Бұл туралы бүгін аталмыш ведомствоның Елбасы Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндіруге арналған алқасында Агенттік төрағасы Нұрлан Алдабергенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Энергияны үнемдеу жөніндегі жұмысты жалғастыру Агенттіктің стратегиялық міндеттерінің бірі болып табылады. Мұның аясында нормалау жөніндегі жаңа тәсілдерді қолдану есебінен нормативтік шығындарды біртіндеп төмендетуді және нормативтен тыс шығындарды жоюды қамтамасыз ету қарастырылып отыр. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында біз әртүрлі ? электр, жылу, сумен қамтамасыз ету салаларындағы нормативтік шығындардың деңгейін жылына 1,1 пайыздан 1,9 пайызға дейін төмендету қарқынын жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде жылына шамамен 1 млрд. теңге үнемделеді», деді алқада Н. Алдабергенов. Н. Алдабергенов Мемлекет басшысы сондай-ақ нормативтен тыс шығындарды жою қажеттігін тапсырғанына тоқтала келе: «Біз 5 жылдың ішінде бүгінде құндық көрінісінде 5 млрд. теңгеден асып отырған көлік саласындағы нормативтен тыс шығындарды толығымен жоюды көздеп отырмыз. Бұлар бүгінде тұтынушылар төлеп отырған, алайда өндіріске бағытталмай жатқан ақшалар», деді.