Алқалы жиынға Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров, Әзербайжан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мазахир Панахов, Қырғызстан Орталық сайлау және референдум өткізу комиссиясының төрағасы Тынычтык Шайназаров, Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Сердар Мутта, Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамходжаев, Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары, ТМҰ-ның сайлаудағы байқаушылар миссиясының басшысы Нуру Алекпер Оглы Гулиев, Түрікменстан ОСК төрағасының орынбасары, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының, ТҮРК ПА-ның және Түркі академиясының өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров түркі мемлекеттерінің сайлау органдары арасындағы тәжірибе алмасуды одан әрі жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Ортақ еңбек
Кездесудің басты оқиғаларының бірі «ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің сайлау жүйелері» атты ұжымдық монографияның тұсаукесері болды. Салтанатты рәсім барысында Нұрлан Әбдіров бұл басылымның платформаға қатысушы барлық мемлекет өкілдерінің бірлескен жұмысының нәтижесі екенін атап өтті.
- Бұл тек Қазақстанның жұмысы немесе жетістігі емес. Бұл ортақ жұмысымыздың нәтижесі екенін атап өткім келеді. Егер кітаптың мұқабасына назар аударсаңыздар, мұнда редакциялық алқаның басшылары — біздің құрметті төрағаларымыз көрсетілген. Сондықтан бұл — біздің ортақ еңбегіміз», — деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Кездесуге қатысушылардың айтуынша, жинақ ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің сайлау жүйелері туралы жан-жақты түсінік қалыптастырып, түрлі тәсілдер мен көзқарастарды біріктіреді. Олардың бағалауынша, сайлау саласындағы заманауи үрдістер мен инновацияларды қоса алғанда, қарастырылып отырған мәселелердің өзектілігі ерекше маңызға ие.
Қатысушылар монографияны алдағы ғылыми зерттеулерге, электоралдық мәдениетті арттыруға, білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және сайлау құқығы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға пайдалы база бола алатынын атап өтті.
Сайлау науқаны кезеңіндегі дипфейктер қаупі
Отырыс барысында сайлау кезеңінде дипфейктерге, жалған ақпараттар мен ақпаратты манипуляциялаудың өзге де түрлеріне қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қатысушылар жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы сайлау процестері үшін жаңа сын-қатерлер туындатып отырғанын атап өтті. Бүгінде жалған немесе манипуляциялық контент бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жылдам жасалып, таралуы мүмкін.
- Дипфейктер кандидаттардың бейнесін бұрмалап, оларға жалған мәлімдемелерді теліп, қоғамдық пікірге ықпал етуі және түптеп келгенде қоғамның сайлау институттарына деген сенімін әлсіретуі мүмкін, — деді Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары, ТМҰ-ның сайлаудағы байқаушылар миссиясының басшысы Нуру Алекпер Оглы Гулиев.
Ол сондай-ақ Консультативтік платформа аясында құрылған дипфейктердің сайлау процесіне ықпалы мәселелері жөніндегі жұмыс тобының қызметіне ерекше тоқталды. Жұмыс тобының алғашқы онлайн отырысы 2026 жылғы сәуірде өтті.
Тәжірибе алмасу қорытындысы бойынша қатысушылар ТМҰ елдерінде жаңа ақпараттық қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдың бір-біріне пайдалы болуы мүмкін практикалары қалыптасқанын атап өтті.
Сонымен қатар қатысушылар дезинформацияға қарсы іс-қимыл мен сөз бостандығына, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен дербес деректерін қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығына ерекше назар аударды.
Отырысқа қатысушылар Қазақстанға қонақжайлығы мен кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіріп, Консультативтік платформаның түркі мемлекеттерінің орталық сайлау органдары арасында тұрақты тәжірибе алмасу және ынтымақтастықты нығайту алаңы ретіндегі маңызын атап көрсетті.
Олар сондай-ақ платформа аясындағы өзара іс-қимыл кәсіби байланыстарды нығайтып қана қоймай, ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің тарихи және мәдени дәстүрлерінің ортақтығын көрсететініне мән берді.
Консультативтік платформа қалай құрылды
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасын құру туралы бастаманы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 3 қарашада Астанада өткен ТМҰ-ның X мерейтойлық саммиті барысында көтерді.
Платформаны құру туралы ұсынысты түркі мемлекеттерінің басшылары бірауыздан қолдап, ол 2024 жылғы 6 қарашада қабылданған ТМҰ XI саммитінің Бішкек декларациясында көрініс тапты.
Консультативтік платформаның алғашқы отырысы 2025 жылғы мамырда Түркістан қаласында ұйымдастырылды.