— Қазақстандағы реформа аясында елеулі өзгерістер қамтылған. Референдум күні Түркі мемлекеттері ұйымы миссиясы үш топқа бөлініп, Астана қаласындағы 31 дауыс беру учаскесінде мониторинг жүргізді. Миссия әкімшілік немесе құқық қорғау органдарының дауыс беру учаскелерінің жұмысына араласуын байқамады. Адамдар өз еркімен келіп, дауыс беруіне барлық қолайлы жағдай жасалды, — деді Омер Коджаман елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, миссия ешқандай маңызды заң бұзу деректері мен сәйкессіздіктерді байқамады. Дауыс беру учаскелерінде халықаралық және жергілікті байқаушыларға барлық жағдай жасалып, ашықтық тәртібі сақталды.
— Референдум комиссияларында қажет ақпарат пен техникалық құрал-жабдықтар жеткілікті болды. Сондай-ақ миссия дауыс беру учаскелерінде ешқандай рұқсат етілмеген және заңсыз материалдарды байқамады. Мүгедектігі бар адамдар да өздерінің конституциялық құқығын жүзеге асыра алды. ТМҰ миссиясы ақпараттың дұрыс таралуы референдумның сәтті өтуіне ықпал етті деген қорытындыға келді. Түркі мемлекеттері ұйымының миссиясы Қазақстан Республикасында референдумның ашық өткеніне көз жеткізді. Барлығы халықаралық стандарттарға және елдің ұлттық заңнамасына сәйкес өткенін мәлімдейміз, — деді Омер Коджаман.
Айта кетейік, 15 наурызда Қазақстанда жаңа Ата Заңның жобасы бойынша жалпыұлттық референдум өтті.
Биыл 12 ақпанда Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының қорытынды жобасы жарияланды.
Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды.
Республикалық референдумда берілген бюллетеньде «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал қойылды.
16 наурызда Орталық референдум комиссиясы дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады.