ТМҰ саммиті: түркі елдері ортақ мүддеде күш жұмылдырады

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістанда түркі елдері мемлекет басшыларының қатысуымен өткен бейресми саммит отырысы аяқталды. Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арналған жиын Қазақстанның төрағалығымен ұйымдастырылды. Оның нәтижесі бойынша Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер Түркістан декларациясына қол қойды. Атап айтқанда, осы саммитке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды ұсыныстарын жариялады.

Фото: Ақорда

Түркістан — атажұртымыздың мызғымас темірқазығы

— Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған шежірелі шаһар. Көне қала қашанда түбі бір түркі жұртының қасиетті қара шаңырағы саналған. Түркістан төріндегі Әзірет Сұлтан кесенесі — рухани тұтастық пен тарихи сабақтастық символы. Қожа Ахмет Ясауи бауырлас елдердің дүниетанымын кеңейтуге зор үлес қосты. Адамзатқа ортақ құндылықтарды барынша дәріптеді. Халықты жақсылыққа, жасампаздыққа, адалдыққа шақырды. Ғұлама ойшыл ислам дінін түркі жұртының таным-түсінігімен ұштастыра білді. Аса құнды еңбектер жазып, мол мұра қалдырды. Ясауидің тағылымды ойлары мен хикметтері — түркі халықтарының баға жетпес байлығы. Ұлы бабамыз дәріптеген құндылықтар әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз Ясауидің гуманистік идеяларына баса мән беріп отырмыз. Қазір елімізде «Адал азамат», «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» және басқа да бірегей бастамалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Басты мақсатымыз — ұлт сапасын барынша жетілдіріп, мемлекеттігімізді нығайта түсу. Түптеп келгенде, осы ауқымды жұмыстың негізі Ясауи ілімінен бастау алады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев саммит отырысында.

Фото: Ақорда

Сонымен қатар Президент биыл Ұлыстың ұлы күнінде осы киелі Түркістан жерінде «Qoja Ahmet Yasaui» орденін тағайындау туралы шешім қабылдағанын атап өтті. Осыған орай тиісті Заң қабылданды, арнайы Жарлыққа қол қойдым

— Бұл күллі түркі дүниесі үшін мән-мағынасы айрықша марапат деп айтуға болады.Сол себепті кеше алғашқы мәртебелі награданы аса құрметті Президент Режеп Тайип Ердоғанға салтанатты түрде табыстадым. Осылайша, біз түркі руханиятының темірқазығы — Ясауи тұлғасын дәріптей отырып, халықтарымыздың арасындағы мызғымас бауырластық тамырын нығайта береміз деп сенемін, — деді Мемлекет басшысы.

Фото: Ақорда

Түркі мемлекеттері ортақ мүдде жолында

Қасым-Жомарт Тоқаев алмағайып кезеңде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілікте болуы өте маңызды екенін қадап айтты. Себебі қазір әлем елдері халықаралық геосаяси ахуал аса күрделі және құбылмалы дәуірді бастан өткеріп жатыр. Әлемдік және аймақтық деңгейдегі бәсеке күшейіп барады. Қарулы қақтығыстар, соғыстар толастар емес. Мұның бәрі әлем экономикасына кері әсер етіп жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Таяу Шығыстағы жағдайдың салдарын көршілес аймақ елдері де сезіне бастады.

Фото: Ақорда

Осындай алмағайып кезеңде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілікте болуы — өте маңызды. Себебі халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар. Қазіргі таңда түркі елдері заман талабын ескеріп, экономика және инвестиция саласындағы ықпалдастықты нығайтуы керек, ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруға тиіс деп санаймын, — деді Мемлекет басшысы.

Цифрландыру үдерісі түркі әлемінің дамуына ықпал етеді

Президент саммитте талқыланатын жасанды интеллект және цифрлық дамудың өзектілігіне назар аударды.

— Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған өзгерістермен бетпе-бет келді. Жаңа сын-қатерлер пайда болды. Дүниежүзінде технологиялық бәсеке күшейді, яғни, инновациялық тұрғыдан озық ел болу мақсаты алдыңғы қатарға шықты. Технологиялық даму кез келген мемлекеттегі тұрақтылық пен қауіпсіздік факторына айналды. Бұл — цифрлық трансформацияға дер кезінде бет бұрған елдер көш соңында қалмайды деген сөз. Сондықтан Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер технологиялық жаңғыру үдерісінен тыс қалмауы үшін бірлесе жұмыс істеуі керек деп санаймыз. Жасанды интеллект пен цифрландыру үдерісі түркі әлемінің дамуына жол ашуға тиіс, — деп атап өтті Тоқаев.

Қазақстан цифрлық ел болуды көздеп отыр. Бұл — еліміздің алдында тұрған стратегиялық мақсат. Осы жыл Қазақстанда «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Астанада Alem.ai жасанды интеллект орталығы ашылды. Сондай-ақ еліміз екі суперкомпьютерді іске қосты. Келесі қадам — «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру. Бұл жоба аймақ елдеріне жетекші технологиялық компаниялар мен жаһандық цифрлық капиталды тартуға зор мүмкіндік бермек.

Фото: Ақорда

— Алдағы уақытта еліміздің цифрлық даму бағдарын айқындайтын Digital Qazaqstan стратегиясы бекітіледі. Таяуда Алматы қаласында Тұрақты дамуға ықпал ететін цифрлық шешімдер орталығы ашылды. Бұл бастама Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық экономикалық және әлеуметтік комиссиясының қолдауымен жүзеге асырылады. Қазақстанға тілектестік танытып, осы жобаның тең авторлары ретінде бұл жұмысқа мол үлес қосқандарыңыз үшін Сіздерге алғыс айтамын. Сонымен қатар наурыз айында Түркі кеңесі сарапшыларының қатысуымен Шымкент қаласында «Жасанды интеллект және цифрлық даму» халықаралық конференциясы өтті. Бұл іс-шара елдеріміздің осы саладағы ынтымақтастығы мен мүдделестігін айқын көрсетті, — деді Мемлекет басшысы.

Президент бастамалары…

Біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономика саласы бойынша ТМҰ-ға мүше елдер арасында электрондық құжаттар мен цифрлық қолтаңбаны өзара тануға қатысты жұмысты бірлесе жүргізуді ұсынды.

Екінші мәселе: Ғарыш саласы — түркі мемлекеттерінің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал ететін негізгі фактордың бірі. Бұл бағытты жүйелі түрде дамыту үшін елдеріміздің ғылыми, технологиялық және қаржылық әлеуеті жеткілікті. Әсіресе, спутник байланысы, навигация және мониторинг саласында бірлескен жобаларды жүзеге асырып, ықпалдастығымызды кеңейте түсу қажет.

Фото: Ақорда

Сол арқылы технологиялық дербестігімізді нығайтып, инновациялық әлеуетімізді арттыруға мүмкіндік туады. Мысалы, «CubeSat-12U» ғылыми спутнигін іске қосудың маңыздылығын атап өтуге болады, — деді Президент.

Үшіншіден, білім-ғылым саласына қажетті мамандар даярлайтын оқу орталықтары мен ғылыми мекемелер керек. Өзара тәжірибе алмасу, бірлесіп кадрлар даярлау және озық технологияларды енгізу өте маңызды. Сондықтан Түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құру ұсынылды

— Төртінші мәселе: қазір әрбір елде IT-жобаларға арналған технопарктер бар. Мен Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын ашуды ұсынамын. Орталыққа «Turkic ai» атауын беріп, оны Alem.ai орталығында орналастыруға болады. Бірлескен хаб ортақ мүдделерімізді ілгерілетуге ықпал етері сөзсіз, — деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Бесінші ұсыныс жасанды интеллект пен озық технология дәуірінде рухани және мәдени құндылықтарды назардан тыс қалдырмауға арналды.Түркі өркениетінің мол мұрасын сақтау және оны зерделеу — тарихи жадыны жаңғырту мәселесі ғана емес.

— Бұл — біздің бірегей болмысымызды, бірлігімізді және ынтымақтастығымызды көрсететін маңызды фактор. Осы орайда мен Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенция жобасын пысықтау туралы ұсынысты қолдауға шақырамын. Бұл құжат түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтау және дәріптеу ісіне құқықтық негіз болады. Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның осы саладағы қызмет аясын кеңейте түсуге ықпал етеді, — деп нақтылады Тоқаев.

Алтыншысы жасанды интеллект негізінде түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдарды жинақтайтын арнайы цифрлық платформа құру жөніндегі жұмысты жандандыруға негізделген. Бұл жоба көптілді форматта жасалмақ. Сонда кез келген адам онлайн режимде түркі өркениетінің мол мұрасымен танысып, оны зерделей алады. Қазақстан бұл бастамалар бойынша жан-жақты цифрлық шешімдер ұсынуға дайын.

— Жетінші міндет. Түркі мемлекеттерінің тарихи және мәдени мұрасын сақтау және оны болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру — баршамызға ортақ міндет, парыз деп айтуға болады. Сол себепті мен Түркістан қаласының руханиятымыздағы рөлін ескеріп, осында Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешім қабылдадым. Бұл орталық бауырлас елдердің бірлесіп ғылыми зерттеу жүргізуіне, мәдени жобаларды және білім беру бағдарламаларын іске асыруына жағдай жасайды. Сондай-ақ гуманитарлық ықпалдастығымызды нығайта түседі, — деді Мемлекет басшысы

Бұған қоса, Астанада Дала өркениетін дәріптеуге арналған арнайы орталық құру жоспарланған. Онда дала халықтарының тарихы мен мәдениеті кеңінен насихатталмақ.

Айтпақшы Президент түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру қажет екенін айтты.

— Келесі маңызды мәселе. Технологиялық даму және гуманитарлық ықпалдастық дәуірінде түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру қажет. Жақында Түркі Академиясы ағылшын, орыс және түркі тілдерінде сегіз томдық терминологиялық сөздікті жарыққа шығарды. Бұл жұмыс терминдерді бір ізге келтіруге және ортақ ғылым кеңістігін нығайтуға ықпал етпек. Осы орайда Кеңеске мүше елдердің тиісті мекемелерінің өкілдері, ғылыми сарапшылары кіретін Мемлекетаралық терминологиялық комиссия құруды ұсынамын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: Ақорда

Түркі мемлекеттері ұйымы — геосаяси жоба емес

Президенттің сөзіне қарағанда, ең бастысы, жаңа форматтағы жұмыс Ұйымның мақсат-міндеттеріне сай болып, оған кері әсерін тигізбеуі керек. Мысалы, соңғы кезде Ұйымды әскери альянс ретінде сипаттайтын ой-пікірлер айтылып жүр.

— Олардың теріс пейілі бізге анық, мақсаттары — елдестіру емес екені де белгілі. Қазақстан ондай ұстанымды жоққа шығару керек деп санайды. Біз үшін түркі әлемінің бірлігін нығайту аса маңызды, кезек күттірмейтін басымдық. Түркі мемлекеттері ұйымы — геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл — бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң. Мұндай ұстаным еліміз үшін — маңызды басымдық, себебі, бұл ұлттық мүдде тұрғысынан да тиімді екені анық. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген аталы сөз — бәрімізге ортақ, — деп Мемлекет басшысы Ұйымды әскери альянс ретінде сипаттаушыларға жауап берді.

Түркі әлемі әрдайым тату болып, алға қойған мақсатынан ауытқымай, бірлесе дами беруі керек. Сондықтан бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдеріміздің ауызбіршілігін арттыра түсері сөзсіз.