Сарапшының пікірінше, Түркі мемлекеттері ұйымы Еуразия кеңістігіндегі өңірлік ынтымақтастықтың ең ықпалды алаңына айналып келеді.
— Түркістан қаласында өтетін бейресми саммит ұйымныңкелешек ортақ ұстанымын қалыптастыру, өзара байланыстарды тереңдету және іс-қимылдарды үйлестіруге бағытталған маңызды қадам болмақ, — деді сарапшы.
Сарвар Камолов ТМҰ-ға мүше елдер барлық маңызды салалар бойынша өзара тиімді жұмыс істеп келе жатқанын айтты. Мемлекеттер бүгінде 40-тан астам бағытта ынтымақтастық орнатқан.
— Осы орайда, елдер көлік-логистика мәселелеріне ерекше назар аударып отыр. Бұл, ең алдымен, түркі мемлекеттерінің географиялық орналасуымен байланысты. Аталған өңір Еуропа, Орталық Азия, Қытай, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азияны байланыстыратын ірі халықаралық дәліздер тоғысқан жерде тұр. Жаһандық тауар тасымалы жолдары өзгеріп жатқан кезеңде елдер жеке дара даму идеясынан транзиттік дәліздерді бірлесе ілгерілету ұстанымына ойыса бастады, — дейді спикер.
Кейінгі жылдары ұйым аясында көлік-логистика саласының маңызын айқындайтын нормативтік-құқықтық база қалыптасты. Бұл «Түркі әлемінің келешегі — 2040» және «ТМҰ-ның 2022-2026 жылдарға арналған стратегиясы» сияқты маңызды құжаттарда қамтылған.
— Бұл ретте 2022 жылы өткен Самарқанд саммитінің маңызы ерекше болды. Оның қорытындысы бойынша Халықаралық аралас жүк тасымалы туралы келісім мен Көлік байланысын дамыту бағдарламасына қол қойылды. Аталған құжаттар түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашты, — деп тоқталды сарапшы.
Сондай-ақ, жүк тасымалы саласындағы құжат айналымын электронды форматқа көшіруге мүмкіндік беретін «e-CMR» жүйесінің енгізілуі маңызды қадамдардың бірі саналады. Нәтижесінде қағазбастылықтан арылып, шекара бекеттерінен өту процесі жеңілдеді.
— Мұнымен бірге Қытай мен Еуропаны, Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ өңірін жалғайтын Орта дәліздің маңызы артып келеді. Жаһандық геосаяси тұрақсыздыққа байланысты қазір сауда бағыттарын әртараптандыру өзекті. Тиісінше, Транскаспий дәлізі Еуразиядағы басты көлік артериясына айналады. Егер 2020 жылы оның әлеуеті шектеулі болса, 2025 жылы аталған маршрут арқылы 5 млн тоннадан астам жүк өтті. Яғни, 6 есе өсім байқалды, — деп пікір қосты Сарвар Камолов.
Сарапшының пайымынша, Орта дәліздің транзиттік қауқарын арттыру үшін инвестиция тарту орынды. Бұған қоса, цифрлық технологияларды енгізе отырып, заманауи инфроқұрылым жасақтау маңызды.
— Транскаспий дәлізі алдағы уақытта Еуразия кеңістігіндегі өзара көлік байланысының жаңа моделін қалыптастыруға қауқарлы бағыт болмақ. Сонымен қатар тағы бір стратегиялық маңызды жоба — «Қытай — Қырғызстан — Өзбекстан» теміржолы. Жоба аясында жалпы ұзындығы шамамен 120 шақырым болатын 50 көпір мен 29 тоннель салу жоспарланған. Оның жалпы құны шамамен 4,7 млрд долларға бағаланып отыр. Бұл теміржол бағыты Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалы мерзімін едәуір қысқартып, Орталық Азияның транзиттік әлеуетін нығайтып, ТМҰ көлік-логистика жүйесінің интеграциясын бекемдей түседі. Жалпы, түркі мемлекеттерінің көлік-логистика саласындағы ынтымақтастығы — кооперациялық байланыстарды дамытады, — дейді сарапшы.
Сарвар Камолов пікірін түйіндей келе, түркі мемлекеттері серіктестік идеясын талқылаумен шектелмей, ортақ жобаларды нақты іске асыра алатын дәлелдеп келе жатқанын айтты. Тараптардың инфрақұрылымдық бағдарламаларды әзірлеу, халықаралық дәліздерді дамыту және цифрлық технологияларды енгізуге мүдделі болуы ынтымақтастыққа тың серпін береді.
Еске салайық, 15 мамырда Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтеді.
Сондай-ақ, саммит алдында ұйымның Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев Kazinform тілшісіне берген жазбаша сұхбатта алғашқы бесжылдық қандай жетістіктермен түйінделіп жатқанын айтты.