ТМҰ: Тарихи құрылтайдың бүгінгі бейнесі
АСТАНА. KAZINFORM — 6-7 қазанда Әзербайжанның Габала қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының XII саммиті өтеді. Мұнда мемлекет басшылары саяси ұсынысын айтып, түркі мемлекеттерінің ортақ мәселелерін талқыламақ. Талқы алаңында не айтылуы мүмкін, ұйым құрылғалы нендей нәтижеге қол жетті? Kazinform-ның аналитикалық шолушысы сарапшылармен бірге сауалдарға жауап іздеді.
Бірлікке бір қадам: кеше мен бүгіннің арасы
Түркі мемлекеттер ұйымы 15 жылда туыс халықтарды біріктірген бірегей институтқа айналды. 2009 жылы Кеңес ретінде құрылып, 2021 жылы Ұйым мәртебесін иеленген құрылымның өзара ықпалдастығы жыл санап артуда. Қазір бауырлас мемлекеттердің саяси-экономикалық байланысы бекем, мәдени-гуманитарлық қатынасы қарқынды. Дәстүрлі саммитте ортақ мүдде қалыс қалмай, әрбір жұрттың үні айқын естілуі, тең мүмкіндік алуы басты міндетке айналған. Әзербайжанда ұйымдастырылатын жиынның да өзегі осы ұстанымнан алшақтамақ емес.
Теңдік дегеннен шығады, ұйымда көрпені өзіне тарту жоқ, шығарған шешімнің игілігін ортақ көруге талпыныс бар. Саммиттің өзі ТМҰ мемлекеттерінде кезекпен өтіп келеді. Мысалы, бұған дейін Әзербайжанда ұйым басшыларының отырысы ресми де, бейресми де ұйымдастырылды – Габала қаласы көшбасшыларды екінші мәрте қабылдап отыр.
Биыл да байланыс бар, 2025 жылы Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып бекітілсе, Бішкек қаласы Түркі мемлекеттері ұйымының цифрлы астанасы атанды.
Жалпы түркі мемлекетері транзит-көлік, экология, спорт, ғылым, білім беру салаларында кешенді даму жоспарын жолға қойған. Өзара көмекке негізделген гуманитарлық блоктың жұмысы жүйелі. ТҮРКПА, Түркі инвестициялық қоры, Түркі академиясы, ТҮРКСОЙ секілді құқықтық-саяси институттар іргесін кеңейтіп келеді.
2008 жылы үкіметаралық байланысты нығайту үшін Қазақстанның бастамасымен ТҮРКПА ұйымы құрылды. Ұйымға мүше елдер аталған құрылым арқылы заңнамалық, мәдени-гуманитарлық және парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға тырысады. Биыл маусымда Қазақстан ТҮРКПА-ға төрағалық етуді бастады.
ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Бауыржан Әукеннің сөзінше, ТМҰ бастауында Қазақстан тұр. Әрі түркі теңдігінде Қазақстанның үлесі маңызды.
– Ұйым 2009 жылы Нахчыванда құрылған болатын. Содан бері саммиттерде көтерілген көптеген бастама біртіндеп жүзеге асуда. Мысалы, көлік-логистикалық бағытта Орта дәлізді дамытуға басымдық беріліп, кедендік рәсімдерді жеңілдету және электрондық рұқсат жүйесін енгізу қолға алынды. Энергетика, жасыл экономика, мәдени-гуманитарлық алмасу бағыттарында да нақты жобалар іске асырылып жатыр. 2023 жылы Қазақстан төрағалығы кезінде «TURK TIME!» ұранымен 80-нен астам іс-шара өткізіліп, экономикалық, мәдени және ғылыми салалардағы ынтымақтастық жаңа деңгейге шықты, – дейді сарапшы.
Ортақ тарих – ортақ тіл
Бүгінде академиялық ортадағы түркілік танымды зерттеу кемшін. Мұны мемлекет басшылары мен сарапшылар сан мәрте айтқанын естідік. Осы орайда 2010 жылы Астанада Халықаралық түркі академиясы ашылып, бірқатар маңызды жоба бастағаны бар. Түркі әлеміндегі ортақ академиялық мекеме ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты үйлестіруде. Түркітану саласына дендей еніп, нақты айтсақ, тарих, археология, этнология, антропология, әдебиет, тіл білімін тереңдете түсті.
2022 жылы академияның жаңа тынысы ашылғандай: мемлекеттер міндетті жарна аударып, мамандар байланысы жолға қойыла бастады. Сол жылдан ұйым тізгіні Әзербайжан ҰҒА академигі әрі Халықаралық Орталық Азияны зерттеу орталығының корреспондент мүшесі Шаһин Мұстафаев қолында.
Шаһин Мұстафаев бастаған түркі ғалымдары маңызды бірнеше жобаны қолға алған. Соның бірі – тарихты қайта жазу. Ғалымдар түркі халықтарының тарихы туралы екі томдық жинақ әзірлеп жатыр. Бастама түркі халықтарының бай мұрасын жүйелі әрі объективті түрде көрсетуге жасалған іргелі еңбек атанбақ.
Бауыржан Әукен түркі халықтарының ортақ тарихы мен мәдениетін зерттеуі бірегейлік сезімін арттырады деген ойда.
– Аталған қадам саяси ынтымақтастыққа оң әсерін тигізуде. Болашақта Түркі мемлекеттері ұйымы тек сауда мен логистика саласында ғана емес, сонымен бірге цифрлық трансформация, білім, ғылым және инновация бағыттарында маңызды қадамдар жасайды деп сеніммен айтуға болады, – дейді сарапшы.
Ортақ мұраны оқу үшін түркі халықтарының ортақ әліпбиі керек. Көп бұрын қиял есебінде қабылданатын бұл идея қазір жүзеге асты. Өткен жылы Бакуде «Ортақ түркі әліпбиі декларациясы» қабылданғаны есте. Бастапқыда әртүрлі сыни пікір болғанымен, кейін бауырлас ұлттар бір мәмілеге келгендей. Тіпті жақында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай һәкімнің «Қара сөздері» ортақ түркі әліпбиінде жарық көрді.
Қазақ-әзербайжан мүддесі
Ұйымда Қазақстан мен Әзербайжан белсенді. Түркі әлеміндегі саяси-қоғамдық өзгерістің көбі қос елдің алаңында шешілетін үрдіс пайда болды. Сарапшылар мұндай өзгерісті қос тараптың ТМҰ мүмкіндігін толық пайдалануға деген ынтасымен байланыстырады. Оның үстіне ұйымның дамығаны транзиттік хабқа айналғысы келетін қазақ-әзербайжан қатынасы үшін ауадай қажет деп отыр.
Бұл болжам орынды. Себебі Қазақстан мен Әзербайжан көлік-логистикалық байланысын жетілдіріп отыр. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымалдау көлемі 2,6 млн тоннаға жетті, ал контейнерлік тасымалдау 40,2 мың ЖФЭ-ге жетті. Мультимодальды тасымалдаудың тиімділігін арттыратын жобалар шоғыры да мол: қазақ уранының Әзербайжан арқылы транзиті; Digital Silk Way шеңберінде суасты ТОБЖ құрылысы (400 Тбит/с); «Middle Corridor Multimodal» бірлескен кәсіпорнын құру бастамасы атауға тұрарлық.
Тасымал экономикалық өсімге әсер етуде. Биыл алты айда Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 331,7 млн долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,8%-ға артық. Біздің экспорттық көрсеткішіміздің өсуіне бидай, мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау әсер еткен. Ал көршіміздің статистикасын құбырлар, алюминий және тамақ өнімдері көтеріп отыр.
Ұйымның ішкі сауда айналымы әлі де аз
Түркі мемлекеттері рухани тұрғыда ғана емес, экономикалық әлеуеті тұрғысынан да алып. Бірақ, ТМҰ мүмкіндікті қаншалықты пайдалана алып отырғаны басы ашық сұрақ. Неге десеңіз, ТМҰ мемлекеттерінің тауар айналымы – 1,1 триллион доллар, жиынтық сыртқы сауда көлемі 850 миллиард доллар шамасында. Ал ішкі сауда айналымы 7%-ды ғана құрайды.
Қазақстанда да статистика мәз емес. Өткен жылы Қазақстанның Ұйымға мүше елдермен арадағы алыс-берісі 11,4 миллиард доллардан көтерілмеді – сыртқы саудамыздың 8 пайызына тең.
Сондықтан ұйым экономикалық ықпалдастықты дамытуға ниетті. Бұған дейін Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев алғашқы қадамды дәл осы ішкі сауда айналымын жақсартудан бастау керегін айтқан еді.
– Ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы ішкі сауда небәрі 7% немесе шамамен 58,17 млрд долларды құрайды. Бірнеше жыл бұрын көрсеткіш небәрі 3%-дан аспайтын. Сондықтан оң динамика бар деуге болады. Енді қысқа мерзімде көрсеткішті 10%-ға дейін жеткізуге тырысамыз, – деп атап өтті Кубанычбек Омуралиев.
Түркі елдері аймағында 175 миллион халық барын әрі жер аумағын ескерсек, әрбір ұйымға мүше ел нарықтан таршылық көрмейтіні анық. Бұл тұрғыда экономикалық байланыс пен ресурстық мүмкіндік жетерлік. Сарапшы Бауыржан Әукеннің пікіріне сүйенсек, Әзербайжандағы саммитте экология, логистика, қауіпсіздік тақырыбы терең қаузалуы ықтимал.
– Габаладағы саммитте түркі елдері үшін өзекті жаңа бағыттар көтерілуі мүмкін. Сандық экономикаға көшу, жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық инфрақұрылымды ортақ пайдалану, сондай-ақ экологиялық тұрақтылық пен «жасыл» күн тәртібі басты тақырыптардың біріне айналмақ. Бұл мәселелер тек экономикалық қана емес, сонымен қатар стратегиялық маңызы бар, өйткені түркі мемлекеттерін жаһандық жаңа технологиялық толқынға қосуға мүмкіндік береді, – дейді ол.
Саммит өзегі цифрландыруға арнала ма?
ТМҰ елдері цифрландыру үрдісіне бейім әрі дайындықты бастап кеткен. Әсіресе Орта дәліздегі жүк тасымалын арттыру үшін кедендік цифрландыру бойынша ортақ келісімге келуге жақын. Сарапшылардың пікірінше, Әзербайжанда өтетін басқосуда міндетті түрде цифрлық құжаттар қабылдануы тиіс. Кемі, терең символикалық мәні бар келісімдер жасалады.
Расында, Транскаспий бағдары мен түркі мемлекеттерінің сауда-саттығын ілгерілету кедендік реформасыз мүмкін емес. Мамандар осы орайда ақпарат алмасудың техникалық шарттарын іске асыру, уәкілетті экономикалық операторлар (УЭО) институтын дамытуды ұсынып келеді. Оған қоса «Бірыңғай терезе» жүйесі мен кеден саласына заманауи құралдарды енгізу керек деген ой көп.
Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттерін цифрландыру ісіне шақырғалы көп уақыт болды. 2022 жылы Самарқанда өткен кезекті саммитте Астана хаб халықаралық технопаркі негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрландыру орталығын құруды ұсынған еді. Ғылым жолын жеңілдету үшін Түркі мемлекеттері ұйымының «Цифрлық кітапханасын» ашуды айтқаны есімізде.
Бауыржан Әукеннің сөзінше, Түркі мемлекеттерінің цифрландыруға бет бұруы сауда, көлік, су ресурстары, ақпараттық қауіпсіздік бағытында цифрлық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.
– Түркі мемлекеттеріне ортақ цифрландыру орталығы құрылса, кедендік және логистикалық жүйелерді цифрландыруға, электронды үкімет стандарттарын үйлестіруге жол ашады. Деректер қауіпсіздігін бірлесе қорғауға да көмектесері анық. Бұл тек сауда мен көлік саласына ғана емес, қаржы, білім беру, денсаулық сақтау сияқты бағыттарға айтарлықтай әсерін тигізбек.
Бұған қоса, жасанды интеллектінің дамуы әлемдік экономиканы түбегейлі өзгерте алады: болжам бойынша 2040 жылға қарай ол әлемдік ЖІӨ-ні 13 пайызға арттыруы мүмкін. Түркі мемлекеттері осы жаңа технологиялық толқынға дер кезінде қосылса, өңірлік бәсекеге қабілеттілікті күшейтіп қана қоймай, жаһандық инновациялық үдерістерге де өз үлесін қоса алады, – деді Б.Әукен.
Жалпы түркі мемлекеттері үшін сандық экономиканың дамуы аса маңызды. Сарапшылардың болжамынша, 2028 жылға қарай цифрлық экономика көлемі 16,5 трлн долларға жетіп, әлемдік ЖІӨ-нің 17 пайызын құрайды. Яғни, цифрландырудың экономикалық тиімділігі айқын көрініп отыр.
Қорыта айтсақ, Әзербайжандағы түркі көшбасшыларының басқосуы мемлекеттердің саяси-экономикалық келешегіне тікелей әсер етпек. Бұл бір жағынан ТМҰ-ның салмақты альянсқа айналғанын айшықтаса, ендігі кезекте түркі әлемінің бауырластықтың жаңа деңгейіне өткенін көрсетеді.