Форумға Қазақстан, Франция, Германия, Ресей, Өзбекстан, Индонезия және басқа елдерден 300-ден астам қатысушы мен 30-дан астам халықаралық сарапшы жиналды. Косметология, хирургия, стоматология, офтальмология, гинекология және регенеративті медицина саласының өкілдері соңғы тәжірибелерімен бөлісті.
Мамандардың айтуынша, қазіргі медицинада ауруды емдеумен қатар ағзаның табиғи қалпына келу мүмкіндігін күшейтуге деген қызығушылық артып келеді. Осыған байланысты форум бағдарламасы тіндердің регенерациясы, плазмотерапия, жасушалық технологиялар және оңалту бағыттарына арналды.
Плазмотерапияның мүмкіндігі қандай?
Форумда сөз сөйлеген хирург әрі регенеративті медицина маманы Анастасия Антонова соңғы жылдары косметологиядағы ең өзекті мәселелердің бірі – процедурадан кейінгі оңалту кезеңі екенін айтты.
Оның сөзінше, пациенттер көбіне тез нәтиже беретін әдістерді таңдайды. Алайда кез келген аппараттық немесе инъекциялық араласудан кейін ағзада қалпына келу үдерісі басталады. Соңғы нәтиженің сапасы да көбіне осы кезеңге байланысты.
– Басты мақсат – тек әсер ету емес, ағзаның өз қалпына келу мүмкіндігін қолдау. Сондықтан плазмотерапияға қызығушылық артып келеді. Ол тіндердің сауығу процесін қолдап, оңалту кезеңін жеңілдетуге мүмкіндік береді, – деді маман.
Оның айтуынша, қазіргі регенеративті медицина сыртқы өзгерістерді түзетуден гөрі ағзаның табиғи ресурстарын тиімді пайдалануға көбірек көңіл бөле бастады.
Әйелдер денсаулығындағы жаңа бағыттар
Форум барысында әйелдер денсаулығы мәселелері де кеңінен талқыланды.
Қазақстандағы интимдік реабилитация және эстетикалық гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Индира Хайрушева медицинада түрлі аппараттық технологиялар қарқынды дамып жатқанын атап өтті. Дегенмен, оның пікірінше, кез келген процедураның тиімділігі тіндердің бастапқы жағдайына тікелей байланысты.
– Лазерлік, радиотолқынды және ультрадыбыстық технологиялар кеңінен қолданылады. Бірақ тіндерді ынталандырмас бұрын олардың қалпына келу әлеуетін күшейту маңызды. Плазманың артықшылығы – оның құрамындағы компоненттер ағзаға жат емес және табиғи қалпына келу үдерістеріне қатысады, – деді ол.
Маман әсіресе әйелдер денсаулығында тіндердің құрылымы мен қызметін сақтау маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, регенеративті медицинадағы жаңа тәсілдер өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Эстетикалық медицинадағы жаңа көзқарас
Эстетикалық медицина маманы Наталья Александрова өз баяндамасында плазма негізіндегі хаттамаларды жасқа байланысты өзгерістермен жұмыс істеуде қолдану тәжірибесін ұсынды.
Ол бірнеше кезеңнен тұратын плазмотерапия курсынан өткен 68 жастағы пациенттің клиникалық жағдайын таныстырып, регенеративті тәсілдердің мүмкіндіктеріне тоқталды.
– Қазіргі эстетикалық медицинада мәселе тек сыртқы өзгерістерді түзетуде емес. Басты міндет – тіндердің қалпына келу әлеуетін сақтау және қолдау. Сондықтан біз ағзаны тұтас жүйе ретінде қарастыруға көбірек мән бере бастадық, – деді маман.
Оның пікірінше, жасқа байланысты өзгерістермен күресте тек жекелеген белгілерді түзету жеткіліксіз. Нәтиже тұрақты болуы үшін тіндердің ішкі ресурстарын да ескеру қажет.
Медицина қай бағытқа бет алып барады?
Форум аясында плазмотерапия мен лазерлік технологияларды ұштастыру, тыртықтарды емдеу, хирургиялық араласудан кейінгі оңалту, репродуктивті денсаулықты қалпына келтіру, жасушалық технологиялар және биомедицина мәселелері бойынша баяндамалар жасалды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның басты ерекшелігі – тәжірибелік медицинаға басымдық берілуі. Бағдарламада нақты клиникалық жағдайлар талданып, мамандар арасында ашық пікір алмасуға мүмкіндік жасалды.
Сонымен қатар қатысушылар үшін практикалық воркшоптар ұйымдастырылып, аутологиялық плазманың заманауи түрлері, оларды қолдану хаттамалары және тіндердің регенерация механизмдері таныстырылды.
Форумда көтерілген тақырыптардың әртүрлі болғанына қарамастан, оларды біріктіретін ортақ идея бар. Ол – ағзаның табиғи қалпына келу әлеуетін тиімді пайдалану.
Мамандардың пікірінше, регенеративті медицина алдағы жылдары денсаулық сақтау саласындағы маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін. Ал плазмотерапия түрлі медициналық салаларда қолданылып жатқан, әлеуеті жоғары құралдардың бірі ретінде қарастырылады.
Сондықтан мұндай форумдар дәрігерлердің тәжірибе алмасуына ғана емес, медицинаның болашақ даму бағыттарын айқындауға да мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық хирургия клиникаларына лицензия беру тәртібін күшейту мәселесі қаралып жатқанын хабарлаған еді. Ұсынысқа сәйкес, пластикалық хирургия қызметін көрсететін медициналық ұйымдардың лицензиясы бес жыл сайын қайта бағалануы мүмкін.