«Тобыл» футбол клубының директоры Андрей Канчельскис қызметінен кетті. Бұл туралы қостанайлық клубтың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.
Арнайы мәлімдемеде «Тобыл» футбол клубының атынан Андрей Антанасовичке атқарған жұмысы үшін алғыс білдірілген.
«Сізге денсаулық, бақыт және барлық бастамаңызға сәттілік тілейміз», делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, бұдан бұрын Канчельскис 2019-2020 жылдары өзбекстандық «Навбахор» клубын жаттықтырған болатын.
Кезінде «Манчестер Юнайтед» клубы мен Ресей құрамасында жартылай қорғаушы болған маман «Тобыл» клубының директорлығына биылғы шілдеде тағайындалған еді. Бапкерлік жолында ол «Юрмала», «Волга», «Уфа», «Торпедо-ЗИЛ» және «Солярис» сияқты клубтарды жаттықтырды.
Қостанайдың «Тобылы» биылғы маусымыда Қазақстан чемпионатыныда 7-орынға тұрақтағанымен, ел кубогін жеңіп алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).