«Тобыл» Конференция лигасы үшінші іріктеу кезеңіне шықты

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан UEFA Конференция лигасының екінші айналымында «Тобыл» (Қостанай, Қазақстан) - «Паневежис» (Литва) кездесуі пеналти сериясында анықталды.

Фото: «Тобыл» футбол клубы

Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде 1:1 есебі тіркелді. Ойын барысында литвалық клубтан Сейдина Кейта 45-минутта мергендік танытса, 84-минутта «Тобыл» сапынан Неманя Цавнич баспен гол соғып, таразы басын теңестірді.

Бүгінгі кездесуде алғашқы минуттан бапкерлер төмендегі ойыншыларға сенім білдірді. Олардың басым бөлігі бірінші кездесуде де жасыл алаңға шыққан еді. 

«Тобыл»: Данил Устименко (Қ) – Антонио Боршич, Папе Алиун Ндиайе, Райан Сенхаджи​,​ Наурызбек Жагоров – Асхат Тағыберген (К), Максим Мякиш, Мохамед Амин Талал, Александр Зуев, Ислам Чесноков – Урош Милованович.

«Паневежис»: Витаутас Черняускас (Қ) (К) – Довидас Бальсис, Страхиня Керкез, Сейдина Кейта, Эрнестас Бурдзилаускас – Исаак Асанте, Матас Раманаускас, Парфе Бизоза – Наурис Петкявичюс, Квадво Асамоа, Валдас Паулаускас.

Кездесу барысында литвалық клубтан Наурис Петкевичюс 33-минутта есеп ашса, қостанайлық командадан Амин Талар 45-минутта таразы басын теңестірді.

Екінші кезеңде командалар есепті өзгертуге тырысты. Дегенмен дегеніне жете алған жоқ.

Осылайша негізгі кезең 1:1 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда да жеңімпаз анықталған жоқ. Пенальти сериясында қостанайлық клубтың мерейі үстем болды.

Қазақстандық клуб енді үшінші іріктеу кезеңінде «Партизан» (Сербия) - «УНА Штрассен» (Люксембург) жұбының жеңімпазымен ойнайды. Бірінші кездесу 6 тамызда сырт алаңда өтсе, қарымта ойын 13 тамызға белгіленген.