Тобылдағы бөгет 3 500-ге дейін үйді тасқыннан қорғайды

АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрі Қостанай облысындағы ірі су қоймаларының су тасқыны кезеңіне дайындығын тексерді.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қостанай облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі ірі су шаруашылығы нысандарының жұмысымен және алдағы су тасқыны кезеңіне дайындығымен танысты.

Тобыл қаласында Нұржан Нұржігітов Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловпен бірге елді мекенді тасқын судан қорғауға арналған бөгетке барды. Былтыр нысанда күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. Жұмыс барысында су өткізу құбырлары орнатылып, құбырлар мен бетон алаңдарға гидрооқшаулау жұмыстары жүргізілді.

Жобаны іске асыру нәтижесінде Тобыл қаласындағы 3 500-ге дейін тұрғын үйді, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды су басудан қорғауға мүмкіндік туды.

Одан кейін министр Рудный қаласындағы Қаратомар су қоймасына барды. Сыйымдылығы 586 млн текше метрге дейін жететін бұл нысан жергілікті тұрғындарды, сондай-ақ өңірдің ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібін сумен қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта су қоймасындағы су көлемі оның жалпы сыйымдылығының 67%-ын құрайды. Нысанда 391,2 млн текше метр су жиналған. Биыл су қоймасында су қақпаларын жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қаратомар су қоймасында болған кезде Нұржан Нұржігітов «Қазсушар» РМК Қостанай филиалының мамандарымен кездесті. Ол Су ресурстары және ирригация министрлігі кәсіпорын қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған шараларды жыл сайын жүзеге асырып келе жатқанын атап өтті.

- 2024 жылдан бастап «Қазсушар» РМК қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын көтеріп келеміз. Екі жыл ішінде кәсіпорындағы орташа жалақы мөлшері екі еседен астам өсті. Биыл механизаторлардың жалақысы да көтерілді. Олардың іссапар шығындары да өтеледі. Бұдан бөлек, гидротехникалық құрылыстарды салу, реконструкциялау және тазалау жұмыстарын тиімді жүргізу үшін барлық филиал жыл сайын жаңа арнайы техникамен қамтамасыз етіледі, – деді Су ресурстары және ирригация министрі.

Лисаков қаласында министр су шаруашылығы саласындағы ведомствоға қарасты Жоғарғы Тобыл су қоймасының жұмысымен танысты. Сыйымдылығы 816,6 млн текше метрге дейін жететін нысанның қазіргі толу деңгейі 73%-ды құрайды. Су қоймасында 592,2 млн текше метр су жиналған. Биыл мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жоғарғы Тобыл су қоймасын аралағанда министр «Қазсушар» РМК-ның жас мамандарымен әңгімелесіп, елімізде су саласының кадрлық әлеуетін арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы айтты.

- Мемлекет басшысы су саласының кадрлық әлеуетін дамытудың маңызын бірнеше рет атап өтті. Осы мақсатта біз салаға жас мамандарды тарту бағытында кешенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мәселен, су мамандықтары бойынша оқуға түсетін талапкерлерге арналған білім беру гранттарының саны артып келеді. Сонымен қатар «Қазсушар» РМК нысандарында өндірістік тәжірибеден өтетін студенттердің саны да көбейіп жатыр. Бұдан бөлек, Қытай мен Венгрияның жоғары оқу орындарымен қос дипломды білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Министрлік құрылғаннан бері қазақстандық су саласының мамандары шетелде тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттыру курстарына қатысып келеді. Қазіргі уақытта шетелде шамамен 500 адам білім алды, – деді министр Нұржан Нұржігітов.

Айта кетелік Премьер-министр Солтүстік Қазақстандағы қорғаныс бөгеттерінің жағдайымен танысқан еді.