Өткен жылғы Қазақстан кубогының иегері екінші кезеңге тікелей жолдама алды. Бұл - команданың рейтингте жинаған коэффициентіне байланысты болып отыр. Қостанайлық клуб 8.000 коэффициентімен «еленгендер» тізіміне енді. Ол клубқа әлсіз қарсыласпен ойнауға артықшылық береді.
Қазіргі уақытта «Тобылдың» ықтимал қарсыластары қатарында «ДАК 1904» (Словакия), ГАИС, «ИФК Гетеборг» (екеуі де - Швеция), «Железничар» (Сербия), «Копер» (Словения), «Валюр» (Исландия), «Оуда» (Латвия) «Шелбурн» (Ирландия) командалары бар.
Жоғары рейтингінің нәтижесінде «Тобыл» бұл кезеңде «Аякс» (Нидерланд), «Рапид» (Аустрия) және «Панатинаикос» (Грекия) секілді тәжірибелі командалармен кездесуден тыс қалды.
Қазіргі уақытта «Тобылдың» ықтимал қарсыластары арасынан швециялық «ИФК Гетеборг», ГАИС және словакиялық «ДАК 1904» клубтары қауіпті болып отыр. Бұл командалар «Тобылға» рейтингте өте жақын тұр және олар жоғары деңгейдегі еуропалық чемпионаттарында ойын көрсетеді. Ал қостанайлық клуб үшін латвиялық «Ауда» немесе сербиялық «Железничар» қолайлы нұсқа ретінде бағаланады.
Еске салсақ, бұдан бұрын Конференция лигасында «Астана» және «Елімайдың» ықтимал қарсыластары анықталды.