«Тобыл» футбол клубы өз жұмысын тоқтатуы мүмкін
11:06, 23 Желтоқсан 2016
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайлық «Тобыл» футбол клубы аукциондық саудада сатылмаса, өз жұмысын тоқтатуы мүмкін, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Қостанай облысы әкімдігінің қаржы басқармасы басшысының орынбасары Алма Жүсіпованың түсіндіруінше, егер «Тобыл» ФК мемлекеттік үлесін сату бойынша сауда үшінші рет болмай қалса, «Тобыл» ФК ыдырайды. Бұған дейінгі бәссаудалар сәтсіз аяқталған.
Саудаласу мерзімі ұзарғандықтан, қазір үшінші бәссауда қарсаңында жергілікті билік ықтимал сатып алушыларға тартымды ұсыныстар жасауға тырысуда.
Алма Жүсіпованың айтуынша, ФК мемлекеттік үлесінің құны 25 млн. теңгеге бағаланған, ал сауда жеңімпазына 1 жылда немесе үш жылда есеп айырысу жайлы таңдау құқығы беріледі.
Аукцион 29 желтоқсан күні өтеді.