«Тобыл» футбол клубы Түркияда екінші оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр

АЛМАТЫ. 5 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қостанайдың «Тобыл» футбол клубы бүгін Түркияда маусымаралық екінші оқу-жаттығу жиынын бастады. Қазақстан чемпионының «Достастық кубогы» қарсаңындағы соңғы әзірлігі 13 қаңтарға дейін созылады.

Ал келесі күні олар аталмыш жарыста ел намысын қорғау үшін Антальядан Санкт-Петерборға(«Анталья - Мәскеу - Санкт-Петербург») ұшып келеді.

Алғашқы жиын 19-27 желтоқсан күндері өткен болатын. Онда қостанайлықтар 4 жолдастық кездесу өткізді. Бұл ойындарда Подольсканың "Витязь" клубынан 0:2 есебімен ұтылып, Набережный Челновтың "КамАЗ" (Ресей) клубын 2:1, Түркияның "Тепотспор" командасын 12:2 есебімен жеңіп, тағы бір ресейлік клуб Воронеждің "Факелімен" (Воронеж) 1:1 есебімен тең түсті. Онда клуб басшылығымен байқауға шақырылған 20 футболшының арасынан "Ақтөбе" футбол клубының ойыншысы Александр Петухов пен Астананың "Локомотив" футбол клубының легионері Владе Лазаревскимен келісімшарт жасасқан еді. Бас бапкер Равиль Сабитовтің бұл жиынға шақырғандарының арасында Абдулин, Заречный және Евстигнеев жоқ.