«Тобыл» футболшылары румыниялық клубтан жеңіліп қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанайлық «Тобыл» футбол клубы Румынияның «Клинчени» командасынан 0:2 есебімен ұтылды, деп хабарлайды «Тобыл» клубының ресми сайты.

«Командалар бірінші таймды голсыз өткізді. Екінші кезеңде қарсыластар шаршаңқырап қалғанда, қауіпті сәттер көбейді. Осындай шабуылдарда румындық футболшылардың мерейі үстем болды», - делінген хабарламада.

«Тобыл» үшінші оқу-жаттығу жиынын аяқтады. «Клинченимен» болған матчта қостанайлықтардан 8 ойыншы қатысқан жоқ. Ненад Шливич пен Никола Тонев жарақаттардан кейін өздерінің алғашқы ойындарын өткізді. Екеуі де бір-бір таймнан доп тепті.

«Келесі жиында біздің команда толық құраммен шығатын болады. Сол кезде ойыншылардың нәтижелерін көреміз», - дейді «Тобыл» клубының спорттық директоры Константин Гальченко.