Тобыл өзенінің жағасындағы көшелерді су басуы ықтимал

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай қаласы маңындағы су басу қаупі бар елді мекендер анықталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қалалық төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс бөлімінің жетекшісі Геннадий Колчановтың айтуынша, Қостанай қаласының маңындағы елді мекендерді су басу қаупі әлі сейілген жоқ.

«Бүгінде қардың қалыңдығы орташа есеппен 15 см, ал судың қоры 20 мм көрсетіп отыр. Соған қарамастан кейбір елді мекендерді су басу қаупі бар. Атап айтқанда, «Әуежай», «Қостанай 2», «Қонай», «Колесные ряды», «Достық», «Солтүстік-батыс» шағын аудандары қауіпті аймақтар қатарына енеді. Сондай-ақ, Тобыл өзеніне жақын көшелер де арнайы тізімге қосылды», -деді Колчанов.

Қазіргі күні төтенше жағдайлар кезінде 300 адамды оқшаулайтын қабылдау пункттері ашылды. Бұлардың арасында № 1, № 2, № 14 мектептер және «ГрИн Қостанай облысының азаматтық альянсы» ғимараты бар. Бұған қоса азық-түліктер мен дәрі-дәрмектердің қоры жиылды.

«10 наурызға дейін коммуналдық мекеме қызметкерлері су басу қаупі бар елді мекендердің төңірегіндегі қарды тазартып бітіреді. Ал 5-6 наурызда облыста тасқынға қарсы іс-шаралар пысықталады. Оқу-жаттығу жиындары жоспарланған»,- дейді Геннадий Колчанов.