Алаң иелері алғашқы минуттан бірінші нөмірмен ойнады. 7-минутта Хуан Лескано айып алаңына еніп, Дарабаевқа пас берді. Қостанайлық допқа жанаса алмады. Гол соғатын мүмкіндікті Лесканоның өзі мүлт жіберді. Команда капитаны Азат Нұрғалиев Самат Жарынбетовті тура паспен тапты. Соңғысы допты Хуан Лесканоға жалғады. Қақпашымен бетпе-бет қалған аргентиналық қиыс тепті.
Екінші таймда алаңға "Тобылдың" жаңадан келген футболшысы Йонуц Ларие шықты. Ол литвалық легионер Артурас Жулпаны алмастырды. Кездесудің 57 минутында Хуан Лескано айып алаңына пас берді. Доп талдықорғандық қорғаушыдан серпіліп, Аслан Дарабаевтың алдына түсті. Дарабаев жақын тұстан қателеспеді. 1:0!
Кездесу осы есеппен аяқталды. Айта кетейік, бұл - "Тобылдың" жаңа бапкері Марек Зубтың ҚР чемпионатындағы бірінші ойыны. Оның командасы турнир кестесінің 3-сатысында қалды. Ал "Жетісу" бесінші орында.