«Тобылдың» футболдан UEFA Чемпиондар лигасындағы қарсыласы анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қостанайдың «Тобыл» командасының футболдан UEFA Чемпиондар лигасындағы алғашқы қарсыласы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанайлық клуб аталған турнирдің бірінші іріктеу кезеңінде Венгрияның «Ференцварош» командасымен кездеседі.

«Ференцварош» - Венгрияның атақты клубтарының бірі. Өзінің елінде 33 мәрте чемпион атанса, 24 мәрте кубокты төбесіне көтерді. Оған қоса 6 мәрте суперкубок иегері болса, 2 мәрте Лига кубогына қол созды.

Халықаралық деңгейде 1964/65 жылғы кезеңде UEFA Жәрмеңке кубогын (UEFA кубогы және Еуропа лигасы ойындарының бастауы) жеңіп алды. Әзірге бұл Венгрия клубтарының арасындағы еурокубок ойындарында алған жалғыз нәтиже саналады. Команда өзінің тарихында 68 мәрте түрлі деңгейдегі трофейге ие болды.

Аталған турнирдің бірінші кезеңіндегі алғашқы ойын 5 шілдеде «Тобылдың» алаңында өткізілсе, қарымта кездесу 12 шілдеде Венгрия жерінде болады.

Еске салсақ, футболдан Австралия құрамасы әлем чемпионатына жолдама алды.

https://lenta.inform.kz/kz/futboldan-avstraliya-kuramasy-alem-chempionatyna-zholdama-aldy_a3944033