«Тобылмен» тең ойнаған «Астана» төреліктің әділетсіздігіне қатысты үндеу жариялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Қазақстан чемпиондары - «Астананың» ресми сайтында аталмыш клубтың спорттық директоры Александр Коночкиннің үндеуі жарияланды. Коночкин өз сөзінде 17-ші турдың орталық матчында төрелік алдын ала кесіп-пішілгенін атап өтуде. Ол «Астанаға» қарсы сөз байласудың анық-қанығын ашу үшін күш құрылымдары ведомстволарын іске қосатынын айтып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«SPORTINFORM» САА Александр Коночкиннің үндеуінің толық мәтінін жариялаған:

5 шілде күні Қостанайда өткен Қазақстан чемпионатының Премьер-лигасындағы «Тобыл» - «Астана» арасындағы матчтың кейбір сорақы эпизодтарына жанкүйерлердің, спорт журналистері мен футбол мамандарының назарын аудартқым келеді.

Біз Қызыордадан келген басты арбитр Данияр Сахи мен оның көмекшілерінің бәлкім әдейі ойластырылған, біздің ойымызша біліксіз, өте күмән тудырарлық видеоүзіндіні дайындап қойдық. Өздеріңіз ойға салып көріңіздер:

Нөсербаев жарақат салу үшін Аничичке қасақана секіреді - ол жерде мүлде доп үшін талас болмаған! «Тобылдың» шабуылшысы дене тұрқымен біздің қорғаушының басынан ұрып өткен. Мұндай жағдайда оны анық алаңнан аластау керек еді, алайда арбитр ереженің бұзылғанын тіпті тіркеген де жоқ.

Ойыннан тыс позицияларды шексіз тіркеулер болды. Олардың қате тіркеліп жатқанын көзді жұмып қойып көре аласыз!

Шабуылдарды бірнеше рет тоқтату, Канкаваның қисынсыз дөрекілігі бірнеше рет кездеседі!

Томасов өтіп кеткеннен кейін Жулпаның өз айып алаңында әдейі қолмен ойнауы. Бірақ арбитр үндемей қоя салды.

Нөсербаев өзінің жазаланбайтынына көзі жеткеннен кейін Кляйнхайслерді аяғымен тік келіп шабуылдайды - бар болғаны оған сары қағаз беріледі. Ал бұл сәт ойыншыға ұзақ мерзімге жарақат салар еді.

Арбитр Нөсербаевты тағы аяп кетеді. Мужиковтың әлеуетті шабуылын тоқтату кезінде арбитр екінші сары қағазды көрсетудің орнына, «Тобыл» ойыншысына қатысты ешқандай шара қолданбайды.

Федин өз айып алаңында Деспотовичті соғып кетеді - видеоқайталауда Фединнің «Астана» шабуылшысын аяғымен ұрып кеткені көрініп тұр. 100 пайыз - пенальти. Алайда Сахидің ысқырығы естілмейді. 

Біз Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасына хат дайындап, кездесудің басты арбитрі Данияр Сахидің және оның көмекшілері - Сергей Васютиннің (Алматы) және Сергей Калачевтің (Атырау) әрекеттеріне баға беруді сұраймыз. Төрелік етуші бригаданың жұмысы алдын ала кесіп-пішілгенін болжайтындай бізде барлық негіз бар. Біз Қазақстандағы матчтарда қызмет ету құқығынан Данияр Сахиді шеттетуге күш салып, сонымен бірге аталмыш реферимен үшінші тұлғаның келіскені туралы күдігіміз дәлелденсе күш құрылымдарын іске қосамыз.

Алексей Бобров пен Игорь Алешиннің шеттетілуіне әкеп соққан «күмәнді» матчтар мен алдын ала кесіп-пішілген ұйғарым бойынша ҚФФ-тың қатал әрі берік қағидаты Сахи секілді «реферилерге» жетпегені анық. Біз оның жауапкершіліктен жалтарып кетпей, жасаған ісіне қарай жауап берер деген үміттеміз.

Сонымен қатар, «Астана» футболшылары Аничич пен Кляйнхайслерге әдейі жарақат салуға тырысқан «Тобыл» ФК ойыншысы Таңат Нөсербаевты ұзақ мерзімге ойындардан шеттетуге күш саламыз.

Айта кетейік, "Астана" - "Тобыл" матчы 5 шілде күні Қостанайдағы Орталық стадионда өткен болатын. Ойын 0:0 есебімен тең аяқталды.