Тоғызқұмалақ балалардың қол моторикасын дамытып, ойлау қабілетін арттырады – жаттықтырушы

Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбелік тоғызқұмалақ жаттықтырушысы Сердалы Тоқтаров Kazinform тілшісіне берген сұхбатында тоғызқұмалақ ойынының ерекшелігі, артықшылығы туралы айтып берді. Ол баланы екінші сыныптан бастап тоғызқұмалақ үйірмесіне беру оның логикалық ойлау қабілетін арттырып, есте сақтау жүйесін нығайтады деп есептейді.  

- Біздің балалар тоғызқұмалақ ойнауға қызыға ма? Әлде шахматтың бәсі жоғары ма?

- Балалардың бұл ойынға қызығушылығы жоғары. Тек ата-аналар арасында насихат аздау. 4 мың жылдық тарихы бар ойын көне түркі көшпенділерінің ойыны болғаны белгілі. Сол «Көшпенділер алгебрасын» меңгерген бала есепке жүйрік болады. Бұл ойын балалардың логикалық, есте сақтау, көбу қабілетін дамытады. Тоғызқұмалақты таратқан кезде бес саусақтың бәрін уқалап шығады. Балалар бір сабақта 3-5 мың рет саусақтарының ұшын уқалайды. Ал саусақ ұшында адамның көру, ойлау, есте сақтау қабілетін арттыратын нүктелер бар екені белгілі. Қол моторикасына да пайдалы. Кейбір балалар қайшымен қиып, инені сабақтай алмайды. Олақ болған баланы икемдейді. Іс тігуге машықтандырады, егер медицинаны таңдаса жақсы хирург шығады.

Бір айта кетерлігі, тоғызқұмалақты ерте бастау керек. Балалар 2 сыныптан бастаса, бәрін меңгеріп алады. Шахмат қана емес, тоғызқұмалақ та жақсы танылып, дүниежүзілік, республикалық жарыс өткізіліп жүр. Тек балалар ғана емес, ересектер арасында да турнир өтіп тұрады. Өзім 70 жасқа дейінгі ардагерлер арасындағы жарысқа қатысып, қалалық турнирде бірінші орынды жеңіп алдым. Енді облыстық кезеңге барамын. Бұл ересек адамды ұмытшақтық ауруынан қорғайды.

- Мектептерде үйірмелер бар ма?

- Дүниежүзі бойынша Қазақстан тоғызқұмалақтан бірінші орында тұр. Бұл спорт түрі Қырғыз елінде де жақсы дамып жатыр Чехия, Германияда да осы тоғызқұмалақ ойынына сұраныс бар. Қытай, Моңғолия, Чехия мен Германияда дене шынықтыру сабағында осы ойын өтеді. Бізде де қосымша үйірме ретінде ашылған. Сонымен бірге оқушылар сарайы, шығармашылық академиясында бар. Тоғызқұмалақ деген атауынан түсінбеуі мүмкін. Көбі шахматты таңдайды. Шахматтан кем емес ойын. Кей тұста пайдасы одан да көп. Әрі тоғызқұмалақ өте демократиялық ойын. Шахматта патша, уәзір, піл, ат, сарбаз бар. Мұнда бәрі бірдей әрі судың ағысы сияқты алға ғана жүреді, кері шегінуге жол жоқ. 

Фото: Алтынай Сағындықова

- Тоғызқұмалақ ойнау арқылы балалар тағы нені үйренеді?

- Сабақ барысында тілі шұбар балаларға қазақ тілін үйретемін. Көне сөздерді меңгереді. Айырбасқа шақыру, отау, тұздық, тұзақ құру, атсырау секілді сөздердің мәнін түсіндіремін. Бастаушы мен қостаушыға бірінші, екінші... деп кете беретін отау туралы айтамыз. Бірақ әрқайсысының өз атауы бар. Тоғызыншысы маңдай, сегізіншісі көкмойын, жетіншісі қандықақпан, алтыншысы белбасар, бесіншісі бел, төртіншісі атсыратар, үшіншісі ат өтпес, екіншісі тектұрмас, біріншісі арт. Екі қазанын да үйренеді.

Ойын барысында ойтамызық тастап жіберем, сол кезде балалар қызығады, жақсы қабылдайды. Балаға ұрысып, өктем сөйлесең, қабылдамайды. Ал көңіл-күйіне қарай сөйлесең, тез есте сақтайды. Кейбір кезде тез есептеу жолын үйренеді. Он жүріске дейін алдын-ала есептейді. Кейде жарты жолдан тоқтатып, әрі қарай ойлануға мұрша беремін. Бәрін түсіндіру дұрыс емес, тек қиналғанда демеп жіберген жөн.

- Кейбір бала тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысып жүргенімен, көпшілігінің қызығушылығы төмен деп ойламайсыз ба?

- Баланың бәрі бірдей емес. Бірақ біз сол балаға үйретіп, өзімізге тартуымыз керек. Қызығып, бірден нәтиже берген бала кейін бәрін тастап кетуі мүмкін. Өз жолымен жәй қозғалса, жылдар бойы жаттықса, жақсы нәтиже береді. Үлкен спортта да сондай. Мектеп жасында жанып тұрып, ересектер арасына түскенде көтеріле алмай қалады. Өсімдіктер де сондай ғой. Ерте гүлдегендер, тез солады. Тоғызқұмалақ ойнауды тоқтатса, қолың шығып кетеді. Адамға берілген табиғи қабілет те, жүре бара үйренгендер де бар. Егер бойға дарыса, оның артықшылығы көп. Ал егер үйреніп, соған көп күш жұмсаса үнемі дайындық керек. Жас ерекшелігі де маңызды. Өтпелі кезеңде балалар іріктеледі десем де болады. Кейбірі тез көтерілсе, кейбірі төмендейді.

- Өзіңіз туралы айтып өтсеңізші...

- Ақтөбе облысы Шалқар қаласының тумасымын. Қазір жасым 69-да. Педагогика саласында 45 жыл жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Дегенмен әлі күнге дейін балаларды тоғызқұмалаққа үйретіп жүрмін.

Дене шынықтыру пәні бойынша институтта оқыдым. Күрес саласында жүрдім. Атырау қаласы мен Ақтөбенің Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында еңбек еттім. 37 жасымда спорт мектебінің директоры болып жүргенімде тоғызқұмалақ әдістемесін оқып, үйреніп алдым.

Тоғызқұмалақ тәуелсіздік алған соң ғана қайта жанданды деп айтсам болады. 1991 жылдан бастап Қазақстанда дами түсті. Ақтөбеде марқұм Қабиболла Нұршин дамытуға үлес қосып, оның ізін бүгінде шәкірттері жалғастырып жүр. Олар: Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары ерлі-зайыпты Нұрбек Кабиев пен Диана Кенина, Бауыржан Төлегенов. Дүниежүзі бойынша Қазақстан бірінші орында тұрса, еліміз бойынша Ақтөбенің мерейі үстем. Сонымен бірге аудандар да жақсы көрсеткішке ие. 

- Қазір үйірмеде қанша бала бар?

- Ақтөбедегі шығармашылық академиясындағы үйірмеге 36 бала келеді. Арасында өзге ұлт өкілдері де бар. Ер балаларға қарағанда, қыздар көп. Кейбір ата-ана «қазақша үйретіңізші» деп өтініш айтады.

- Әңгімеңізге рахмет, шәкірттеріңіз жеңіс тұғырынан көрінсін.