Тоғызқұмалақ халықаралық ойын платформаларында танымал болып келе жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Тоғызқұмалақ әлемде үздік интеллектуалды ойынға айналып келе жатыр. Бұл туралы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
– Алматыда оқушылар арасында әлем чемпионатын екінші рет ұйымдастырдық. Оның ішінде 15 жасқа дейінгі балалар бөлек, 17 жасқа дейінгі балалар бөлек классикалық, rapid, blitz түрлерінен жарысты. Оған 180 ойыншы қатысты. Олардың бір бөлігі онлайн, бір бөлігі офлайн бақ сынады. Себебі тоғызқұмалақ кеңінен дамуы үшін біз жаңа технологияларды да пайдалануды қолға алып жүрміз, – дейді студия қонағы.
Федерация президенті қазақтың ұлттық ойыны әлемдік платформаларда үздік атанып жатқанын жеткізді.
– Тоғызқұмалақтың әлемнің ең көп ойланатын зияткерлік ойын платформаларында да өз орны бар. Солардың ішінде Канаданың igGameCenter, Польшаның PlayOK, Британияның PlayStrategy деген платформаларында тоғызқұмалақ қазір ең көп ойналатын ойындардың бірі болып тұр. Ал кейінгі жаңалық – осыдан екі ай бұрын бір жас азамат жасанды интеллектіні іске қосып, оны тоғызқұмалаққа үйретті. Ол осы ойынды әдістемелік тұрғыда жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп отыр, – дейді ол.
Әлихан Бәйменов жақында Алматыда өткен әлем чемпионатының маңызына тоқталды.
– Оқушылар арасындағы чемпионаттың мәні зор. Әрине, ересектер арасында олардан мықты ойыншылар бар. Бірақ біздің болашағымыз – жастар. Олар барған жерлерінде осы ойынды насихаттайды. Мәселен, оқушылар арасындағы бірінші әлем чемпионатына Колумбияның, Испанияның ойыншылары жүлдегер болды. Олар барған кезде федерациялар өз елдерінде оларды керемет қошеметпен қарсы алды. Былтыр «Көшпенділер ойыны» аясында 41 мемлекеттен ойыншылар қатысқандықтан, бұл жаңа серпін беріп, одан бері әлемнің түкпір-түкпірінде жаңа федерациялар ашылып жатыр, - дейді федерация президенті.
Айта кетейік, 19-23 қараша аралығында Алматыда тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында чемпионат өтті. Әлем біріншілігінде 21 мемлекеттен келген 180-ге жуық спортшы бақ сынады. Байрақты бәсекеде отандастарымыз 30 медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте топ жарды.
Осыған дейін Қазақстанда 210 мыңнан астам адам тоғызқұмалақ ойнайтыны туралы жаздық.