Тоғызқұмалақ тақтасы ғарышқа ұшырылды

Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында ішінде тастары бар тоғызқұмалақтың тақтасы алғаш рет стратосфера қабатына шығып, қайтадан жерге жеткізілді. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.   

9 қыркүйек күні сағат 09:09–да 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында тоғызқұмалақтан алғашқы ойындар басталды.

Қатысушылардың бірінші жүрісі 9 ойыншыдан тұратын 9 үстелдік тақтада, 9-шы ұядан басталып, есептеу жылдамдығымен сайысқа түсті.

«Ерекше айта кететін маңызды жаңалық — тоғызқұмалақ тақтасының ғарыш кеңістігіне шығуы. Ресей ғарыш агенттігімен арадағы келісім негізінде ішінде тастары бар тақта алғаш рет Көшпенділер ойындары аясында стратосфера қабатына шығып, қайтадан жерге жеткізілді», — делінген хабарламада.

Бұл іс-шара үстел ойындарының жанкүйерлері үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін де маңызды жаңалық. Өйткені тоғызқұмалақ — ғарышта болған жалғыз үстел ойыны.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы тоғызқұмалақ турнирінде 41 елден, оның ішінде Колумбия, Бангладеш, Ұлыбритания, Франция, Германия, АҚШ, Қытай, Латвия, Африка және араб елдерінен келген 114 қатысушы бақ сынайды.