ОРАЛ. ҚазАқпарат - Атырау қаласында 20 жасқа дейінгі жастар арасында тоғызқұмалақтан ел кубогы мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке сәйкес, жарыста батысқазақстандық тоғызқұмалақшылар табысты өнер көрсетті. Атап айтқанда, жекелей сында Оралдағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері Дильназ Ерниязова алтыннан алқа тақса, Жарасхан Сағынбаев - екінші, Ализа Ерниязова үшінші орынға ие болды.
Командалық есепте Дәулет Әбдікәрімов жаттықтыратын БҚО құрамасы үшінші орынға ие болды.
Алматы қаласы мен еліміз облыстарынан барлығы 10 команда құрамында 80 спортшы бақ сынаған сайыста ақтөбеліктер жеңіс тұғырынан көрінсе, қызылордалықтар екінші орынды еншіледі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).