ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласында тоғызқұмалақтан ересектер арасында Қазақстан кубогы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тоғызқұмалақтан БҚО құрамасының аға бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Әбдікәрімовтің айтуынша, 10-15 қараша аралығында өткен жарысқа еліміздің он облысынан 76 спортшы қатысып, бақ сынады.
Соның ішінде 11-і халықаралық дәрежедегі спорт шебері болса, 20-сы – спорт шебері, 43-і – спорт шеберлігіне үміткер.
Сайыс қорытындысында командалық есепте Ақтөбе облысының құрамасы бірінші, павлодарлықтар екінші орынға ие болды. Батысқазақстандықтар үздік үштікті түйіндеді.
«Жекелей есепте де батысқазақстандықтар жақсы нәтиже көрсетті. Ұлдар арасында бірінші тақта бойынша Әсет Қайыржанов екінші, үшінші тақтада Дархан Әнуарбеков бірінші орынға көтерілді. Ал қыздар арасында төртінші тақтада Ализа Ерниязова бірінші, Аида Карина үшінші орыннан көрінді. Дархан Әнуарбеков пен Ализа Ерниязова Қазақстан Республикасының спорт шебері атағының нормативін орындады», деді ҚазАқпарат тілшісіне Д.Әбдікәрімов.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).