Тоқаев Александр Судьин, Нұрқанат Жақыпбай және Виктор Хильниченконың еңбегін жоғары бағалады

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуына үлес қосқан үш азаматтың еңбегін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Фото: Ақорда

Президент мемлекетіміздің дамуына Тәуелсіздіктің елең-алаңынан бастап белсене атсалысып келе жатқан Александр Судьинге алғыс айтты.

— Мемлекеттік қызметте жұмыс істеген жылдары зор құрметке ие болдыңыз. Парламент Сенатының депутаты ретінде халық мүддесін қорғадыңыз. Вице-спикер және Сенат аппаратының басшысы ретінде қазақстандық парламентаризмнің дамуына қосқан үлесіңізді айрықша атап өткім келеді. Сіздің кәсіби еңбегіңіз жоғары бағаланып, Отанға адал қызмет етудің үлгісіне айналды, — деді Мемлекет басшысы.

Президент театр және кино саласында жарты ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан белгілі режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың төл мәдениетімізді өркендету жолындағы еңбегі зор екенін жеткізді.

Фото: Ақорда

— Көрерменнің көзайымы болған мазмұнды қойылымдарды сахналап, театр әлемінің нағыз майталманы ретінде танылдыңыз. Көптеген пьесалар мен фильмдерде түрлі рөлдерді шебер сомдап, халықтың ыстық ықыласына бөлендіңіз. Бүгінде жас таланттарды өнерге баулып, оларға бағыт-бағдар беріп келесіз. Руханият саласын дамытуға сіңірген еңбегіңіз үшін өзіңізге шынайы ризашылығымды білдіремін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби жолын агрономдықтан бастап «Хильниченко және К» серіктестігінің басшысына дейін көтерілген Виктор Хильниченконың агроөнеркәсіп саласын дамытуға қосқан үлесіне тоқталып, Алматы облыстық мәслихатының депутаты ретінде жемісті қоғамдық қызмет атқарғанын да атап өтті.

— Ең бастысы, қол жеткізген жетістіктеріңізге тоқмейілсімей, алдыңызға жаңа әрі биік мақсаттар қойып келесіз. Аймақтың агроөнеркәсіп әлеуетін көтеруге қосқан зор үлесіңіз қандай бағаға болса да лайық, — деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ қоғам қайраткерін мемлекеттік наградалармен марапаттағанын жазғанбыз.