Тоқаев: Алтын Орданың тарихи рөлін жан-жақты насихаттауға ауқымды жұмыс қажет

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан тарихының академиялық жинағында алғаш рет Алтын Ордаға жеке том арналып отыр. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Алтын Орда — дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты Халықаралық симпозиумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Фото: Ақорда

— Алтын Орда мұрасы — ұшан-теңіз. Біз осы алып рухани, тарихи қазынаны ХХІ ғасырға бейімдеп, жаңғырту үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Менің бастамаммен Қазақстанда Жошы Ұлысын зерделеу институты құрылды. Бұл — осы тақырыпты терең зерттеумен айналысатын тұңғыш ғылыми мекеме. Қазіргі таңда әзірленіп жатқан Қазақстан тарихының академиялық жинағында алғаш рет Алтын Ордаға жеке том арналып отыр, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент Жошы Ұлысының мол тарихи-мәдени мұрасын жұрт жадында жаңғырту үшін фильмдер түсіріліп, кітаптар шығарылып жатқанын еске салды. Сондай-ақ спектакльдер де қойылып, ескерткіштер орнатылып, көрмелер өткізіліп жатыр.

— Алайда Алтын Орданың мән-маңызын терең зерделеп, оның тарихи рөлін жан-жақты насихаттау үшін мүлде жаңа, яғни, халықаралық ауқымдағы жұмыс істелуі қажет, — деді Мемлекет басшысы.

Президент Алтын Орда сол кезеңдегі көптеген мемлекетке қарағанда өз дамуында стратегиялық ашықтық қағидатына берік болғанына назар аудартты