Тоқаев: Арзан энергия, мемлекеттің қолдауы және бәсекеге қабілетті еңбек құны ұсыныстың тиімділігін арттырады

Фото: Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Berlin Global Dialogue форумында сөйлеген сөзінде арзан энергия, мемлекеттің қолдауы және бәсекеге қабілетті еңбек құны ұсыныстың тиімділігін арттыратынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан аймақта бірінші болып Париж келісімін ратификациялады және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдады. Германия мен Швецияның бірлескен Svevind компаниясы жылына 2 миллион тонна «жасыл» сутегін өндіруге бағытталған Қазақстандағы жобасына 50 миллиард доллар инвестиция салып отыр. Бұдан бөлек, шикізат пен руданы жергілікті жерде өңдеп, содан кейін Еуропа Одағына мүше елдерге экспорттауға дайын кәсіпорындар үшін инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашылады. Арзан энергия, мемлекеттің қолдауы және бәсекеге қабілетті еңбек құны бұл ұсыныстың тиімділігін арттыра түседі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол былтыр өзінің бастамасымен бірінші Астана халықаралық форумын өткенін еске салды.

"Бұл бірегей әрі инклюзивті алаң геосаяси тұрғыдан жікке бөлініп жатқан жағдайда жаһандық ынтымақтастық пен диалогты ілгерілету үшін құрылды. Berlin Global Dialogue және Астана халықаралық форумы – Еуропа мен Еуразиядағы халықаралық диалог үшін маңызды алаңдар. Олар өздерінің жаһандық проблемаларды шешуге бағытталған күш-жігерін жандандыра алады деп үміттенемін», - деді Президент.