«Қазір құқық қорғау органдарының жұмысына сыни пікір көп айтылатынын білемін. Тәртіп орнату кезінде үйреншікті тәсілге салу салдарынан парасатты бизнеске кесірі тиетін кездер болуы мүмкін. Сондықтан ашық түрде мәлімдеймін: «таудан сел жүрсе, етектегі тасты ала кетеді» деген тәмсілге салуға жол жоқ», - деді Мемлекет басшысы кәсіпкерлермен кездесуде.
Оның айтуынша, осындай фактілер болса, әр іс бойынша арнайы тексеру шаралары жүреді, білікті баға беріледі.
«2019 жылы өз Жолдауымда бизнестің жұмысына заңсыз кедергі келтіру - мемлекет мүддесіне қайшы қылмыс ретінде қаралуы керектігін айтқанмын. Бұл - Бас прокуратураның жұмысы. Күрес алаяқтармен жүруі керек. Қайталап айтамын, алаяқтармен, аферистермен күресу керек. Бірақ «дәрі деп бергені удан бетер болуына» жол беруге болмайды», - деді Президент.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада отандық бизнес өкілдерімен кездесіп жатыр.