- Мен былтыр Анкараға жасаған ресми сапарымды зор ризашылықпен еске аламын. Сапар кезінде жасалған уағдаластықтар қазақ-түрік байланысын жаңа деңгейге көтерді деп күмәнсіз айтуға болады. Біз бауырлас ел, сенімді серіктес ретінде Түркия Республикасының одан ары өсіп-өркендеуін тілейміз. Бүгінде еліңіз әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Түрлі салада елеулі табысқа қол жеткізді. Сіздің салиқалы, сарабдал саясатыңыздың нәтижесінде Түркияның әлемдегі ықпалы мен беделі арта түсті, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға қарата.
Мемлекет басшысының пайымынша, түрік елі қуатты экономика мен салмақты дипломатияның арқасында Еуропа мен Азияны, күллі түркі дүниесін жалғаған алтын көпір ретінде танылып отыр.
- Мемлекетіңіздің жетістіктері Сіздің ұлт мүддесін қорғау жолындағы қажырлы еңбегіңіздің жемісі деп білеміз. Еліңіздегі барлық стратегиялық мақсат-міндеттердің табысты жүзеге асуына, Түркияның саяси-экономикалық әлеуетінің арта түсуіне әрдайым тілектеспіз, - деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа ғана шағын құрамда мазмұны, нәтижелі келіссөздер өткізілгенін атап өтті.
- Қазақ-түрік қарым-қатынасын одан ары күшейтудің стратегиялық бағыттарын анықтадық. Ықпалдастықты барынша кеңейтуге мүдделі екендігімізді тағы да растадық. Екі елдің саяси ұстанымы бір, ниеті ортақ. Экономикалық әлеуетіміз де зор. Бүгінгі Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің кезекті отырысы ортақ мақсаттарға қол жеткізуге жол ашады деп санаймын, - деді Президент.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алған еді.
Айта кетейік, отырыс барысында Қазақстан Президент қазіргі таңда қазақ-түрік екіжақты қарым-қатынасы кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып жатқанын, елдеріміздің арасында ешқандай түйткіл жоқ екенін баса айтты.