Тоқаев: Бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс

АСТАНА. KAZINFORM – Бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс. Бұл туралы Құрылтай отырысында «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Фото: Ақорда

- Сонымен қатар экономикалық баптар бойынша қылмыстық қудалауға тартылып жатқан кәсіпкерлерден өтініштер әлі де түсіп жатыр. Сондықтан экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыссыздандыру бағытында шаралар қабылдау қажет.

Кәсіпкерлерге, әсіресе, шағын және орта бизнеске тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекеге жол ашу қажет. Кей жағдайда осы талап сақталмайды. Оған дәлел: қазірдің өзінде өндірушілер, әсіресе азық-түлік саласындағы кәсіпорындар бірқатар қиындыққа тап болуда. Тіпті, әдейі жасалған кедергілер де бар, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев

Мысалы, Президенттің атап өтуінше, импорттық тауарлардың құны қолдан төмендетіліп отыр. Ал отандық өнімдердің ішкі нарыққа шығу жолы әдейі шектеліп жатады.

- Шынын айтқанда, бұл – жемқорлық. Сондықтан осындай қитұрқы әрекеттерді тоқтату керек. Мұндай ахуал еліміздің компаниялары мен тауарларының бәсекеге қабілетін едәуір әлсіретіп жіберетіні сөзсіз. Осындай іс-қимылдарға қатаң тосқауыл қоймасақ, экономикамызға зиян болатыны айдан анық. Басқаша айтсақ, бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту деген сөз. Ал бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау, бұл – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс деп айтсақ артық болмас. Сондықтан кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру, яғни нығайту қажет. Бұл жұмысты сауда бірлестіктері аясында жүргізуге де болады, - деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Мемлекет басшысы ел өміріндегі тарихи өзгерістердің барлығы халықтың көз алдында болып жатқанын айтқан еді.