Тоқаев БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Астанаға келген Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришпен жұмыс бабында кездесті, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Әңгіме барысында Қазақстан мен БҰҰ ынтымақтастығының мәселелері талқыланды. Қ. Тоқаев біздің еліміз БҰҰ-ны баламасыз әрі әмбебап ұйым ретінде қарастыратынын айтты.

«Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына белсене атсалысуы еліміздің сыртқы саясатының басым бағыты болып табылады. Біз сондай-ақ БҰҰ-ны реформалау жөніндегі Бас хатшының күш-жігерін қолдаймыз», - деді Сенат Төрағасы.

А. Гутерриш Президент Н. Назарбаевтың бітімгерлік саласындағы, атап айтқанда, Сириядағы шиеленісті реттеуге бағытталған қызметін жоғары бағалады.

Бас хатшының пікірінше, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі Қазақстанның экономикалық әлеуеті мен халықаралық беделі жоғарылай түскенінің нақты көрінісі болып табылады.