Тоқаев ЕАЭО мен Үндістан арасындағы еркін сауда аймағын құру келіссөздерін қолдады

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген отырысында ЕАЭО сыртқы экономикалық байланыстарын Араб әлемі елдерімен, Оңтүстік-Шығыс Азиямен, Африкамен және Латын Америкасымен кеңейту қажеттігін айтты.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Президент Үндістанмен еркін сауда аймағын құру жөніндегі келіссөздерді қолдады.

Оның айтуынша, одақ сыртқы нарықтағы сауда-экономикалық әлеуетін одан әрі іске асыруы қажет.

– Одақтың Араб әлемі елдерімен, Оңтүстік-Шығыс Азиямен, Африкамен және Латын Америкасымен, сондай-ақ беделді өңірлік экономикалық бірлестіктермен байланысын одан әрі кеңейту қажет. Қазір Үндістанмен еркін сауда аймағын құру жөніндегі келіссөздер белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстың маңызы зор деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев елордада Тәуелсіздік сарайында өткен кездесуде.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Беларусь президентінің бақылаушы мәртебесін беру және еркін сауда туралы келісімдер жасау мәселесіне қатысты анағұрлым іріктемелі тәсіл қолдану жөніндегі ұсынысын қолдады.

– Еркін сауда аймақтарын құратын әріптестер де, бақылаушы мәртебесін алатын елдер де белгілі бір іріктеу қағидаттары бойынша таңдалуы керек. Яғни, жаппай емес, Еуразиялық экономикалық одаққа нақты пайда әкелетін, белгіленген критерийлерге сай келетін елдер болуы қажет. Қазақстан ЕАЭО органдарындағы төрағалығы аясында одақтың ортақ экономикалық әлеуетін нығайтуға және қатысушы елдердің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге барынша қолдау көрсетуді жалғастырады. Бірлескен күш-жігердің арқасында үлкен нәтижелерге қол жеткізіп, одақ аясындағы ынтымақтастықты жаңа сапалы деңгейге шығаратынымызға сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Айта кетейік, Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы басталды. Бұл жиынға Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения вице-премьері Мгер Григорян келді.

Биыл Қазақстан Республикасы ЕАЭО органдарына төрағалық етіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 31 желтоқсанда ЕАЭО мемлекеттері басшыларына жолдаған үндеуінде Қазақстан төрағалығының негізгі басымдықтарын айқындады.

Олар: жасанды интеллектіні экономикалық интеграцияны дамытудың жаңа құралы ретінде дамыту, ЕАЭО логистикалық кеңістігінің әлеуетін пайдалану, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, өзара саудадағы әкімшілік кедергілерді қысқарту және үшінші елдермен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту.