Тоқаев экология саласына жаңа стратегиялық міндеттер жүктеді

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Фото: Ақорда

— Кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев министрліктің негізгі міндеттерін айқындап, орман қорын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруды, ұлттық парктер инфрақұрылымын дамытуды, қалдықтарды өңдеу есебінен тұйық циклді экономика қалыптастыруды тапсырды, — делінген хабарламада.

Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарататын зауыт салып, бұл істі басқа өңірлерде де жалғастыру келешегіне ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ экологиялық мәдениетті арттыру мен «Таза Қазақстан» бастамасын ары қарай тиімді іске асырудың маңызына мән берілді.

Айта кетейік, кеше Әлібек Қуантыров Экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалғаны белгілі болды.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапары аяқталған Лаос Президенті Тхонглун Сисулитті елорда әуежайынан шығарып салғанын жазған едік.